Қазақстанда ұялы байланыс саласына қатысты жаңа шектеулер енгізілмек. Енді азаматтардың өз телефон нөмірін немесе смартфонын басқа адамға беруіне тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс қоғамда қызу талқылана бастады. Себебі көп адам телефонды баласына, туысына, тіпті әріптесіне уақытша беріп үйренген. Ал жаңа талаптар осы мәселені заң деңгейінде реттеуді көздейді, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа норма телекоммуникациялар нарығын дамыту және деректерді өңдеу орталықтарына қатысты заң жобасына енгізілген. Құжатқа сәйкес, абоненттік нөмір мен ұялы байланыс құрылғысын үшінші тұлғаға беруге шектеу қойылады. Бірақ бұл талап жақын туыстарға қатысты қолданылмайды.
Кейінгі жылдары Қазақстанда SIM-карта мен бөтен адамның атына тіркелген телефондарды пайдалану арқылы жасалатын интернет-алаяқтық көбейіп кетті. Әсіресе алаяқтар басқа адамның атына рәсімделген нөмірлерді қолданып, банктік операциялар жасау, жалған аккаунт ашу немесе қаржылық қылмысқа бару сияқты әрекеттерге жиі барған.
Осыған байланысты мемлекет ұялы байланыс нарығындағы бақылауды күшейтуді қолға алып отыр. Енді SIM-карта сатып алу кезінде қазақстандықтар міндетті түрде биометриялық тексеруден өтеді. Яғни азамат өзінің жеке басын бет-әлпеті немесе басқа биометриялық дерегі арқылы растауы қажет болады. Жаслан Мадиев бұл өзгерістердің басты мақсаты қауіпсіздікті күшейту екенін айтты.
«Биометриялық аутентификацияға қатысты нормалар Цифрлық кодекске сәйкестендіріліп отыр. Сондай-ақ абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу рәсімін оларды верификациялау арқылы жетілдіру көзделген. Бұл заңсыз әкелінген және тіркелмеген құрылғылардың қолданылуын азайтуға, сондай-ақ IMEI-ді алмастыру арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың қаупін төмендетуге мүмкіндік береді», деді министр.
Мамандардың айтуынша, соңғы кезде IMEI-кодты өзгертіп, ұрланған немесе заңсыз әкелінген телефондарды қайта тіркеу жағдайлары көбейген. Ал жаңа жүйе мұндай схемалардың жолын кесуге бағытталған.
Бұдан бөлек, мемлекет азаматтардың жеке деректерін қорғауды да күшейтпек. Өйткені бүгінде банк қосымшалары, мемлекеттік қызметтер және көптеген цифрлық жүйе телефон нөмірімен тікелей байланысты. Сондықтан бөтен адамның атына тіркелген SIM-карта үлкен қауіпке айналып отыр. Дегенмен жаңа талаптар қоғамда түрлі пікір туғызды. Бірі мұны алаяқтықпен күрестегі маңызды қадам деп бағаласа, енді бірі күнделікті өмірде қолайсыздық туындауы мүмкін екенін айтады. Әсіресе бір телефонды бірнеше адам пайдаланатын отбасылар үшін бұл мәселе өзекті болуы ықтимал.