Астанада асыға жеткен жеңіл рельсті көлік жүйесі – LRT жобасы іске қосылуға жақын. Жылдар бойы қоғам талқысында болған жоба енді алғашқы жолаушыларын қабылдауға дайын. City Transportation Systems компаниясы 12 мамыр күні жүйені таныстырып, алдағы демалыс күндері тұрғындар жаңа көлікпен алғаш рет қатынай алатынын мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.
Бүгінде LRT жүйесіне 22 шақырымдық рельс желісі, 18 станса, депо және бірыңғай диспетчерлік орталық кіреді. Әр пойыз төрт вагоннан тұрады және бір мезетте 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Компания алғашқы кезеңде тәулігіне 25-45 мың адам жаңа көлік қызметін пайдалануы мүмкін деп болжап отыр.

Жоба авторлары алғашқы күндері жолаушылар ағыны күрт артуы мүмкін екенін ескеріп, оған алдын ала дайындалған. Әр стансада жолаушылар қозғалысын реттейтін қызметкерлер, ауысым жетекшілері мен кезекші мамандар жұмыс істейді. Қажет жағдайда адамдар легін қайта бағыттау шаралары қабылданады.
«Алғашқы кезеңде сұраныс жоғары болатынын түсініп отырмыз. Сондықтан әр стансада жолаушылар ағынын реттейтін қызметкерлер болады. Егер белгілі бір уақытта шамадан тыс жүктеме байқалса, адамдар келесі пойызды күтуге бағытталады. Сонымен қатар стансаларда кезекші мамандар мен ауысым жетекшілері тұрақты жұмыс істейді. Қажет жағдайда күрделі мәселелерді сол жерде шешуге мүмкіндік бар. Төтенше жағдай туындаса, қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге де дайын», деді LRT пайдалану департаментінің директоры Николай Антипов.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – толық автоматтандырылған пойыздар. LRT құрамдары GoA4 деңгейімен жұмыс істейді. Бұл – теміржол көлігін автоматтандырудың ең жоғары сатысы. Мұнда дәстүрлі машинист кабинасы болмайды. Оның орнына вагонның алдыңғы бөлігіне үлкен панорамалық терезе орнатылған. Яғни, жолаушылар қозғалысты алдыңғы қатардан бақылап отыра алады. Дегенмен пойыздар толық автоматты режімде жүргенімен, вагон ішінде операторлар болады. Олар жолаушыларға бағыт-бағдар беріп, қауіпсіздікті бақылап отырады. Қажет жағдайда басқаруды қолмен жүргізу мүмкіндігі де сақталған.
LRT жүйесінің жұмысына мыңнан астам маман жұмылдырылады. Оның ішінде шамамен 300 шетелдік қызметкер бар. Қазіргі уақытта 500-ге жуық қазақстандық маман арнайы даярлықтан өткен. Олардың қатарында операторлар, диспетчерлер мен техникалық мамандар бар. Компания болашақта шетелдік мамандар санын біртіндеп қысқартуды жоспарлап отыр.

Пойыз қозғалысын бірыңғай диспетчерлік орталық бақылайды. Әр ауысымда бес диспетчер жұмыс істейді. Оның екеуі пойыз қозғалысын басқарады, екеуі жалпы жүйені қадағаласа, тағы бір маман жолаушылар легіне жауап береді. Әр құрам мен станса бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Сонымен қатар жүйе полиция, өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерімен біріктірілген.
«Жүйенің интернетпен байланысы барынша шектелген. Барлық автоматтандырылған басқару тетігі арнайы қорғаныспен жабдықталған. Сырт көзге тек стансалар мен эстакадалар көрінеді. Бірақ оның ішінде өте күрделі инженерлік әрі электронды жүйе бар. Жоба үшін 700 контейнер техника мен электроника әкелінді. Біз сынақ кезеңінде мыңдаған сценарийді тексердік. Қыс мезгіліндегі жағдай да назардан тыс қалған жоқ. Биыл қарлы маусымда пойыздардың қозғалысын арнайы бақыладық. Соның нәтижесінде дәл осы желіге бейімделген рельс тазалайтын арнайы техника әзірленді», деді CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Жоба аясында халықаралық тәжірибеде қолданылатын «құрғақ аяқ» қағидасы да енгізілмек. Бұл стансаларды жақын маңдағы ғимараттармен жабық өткелдер арқылы байланыстыру тәсілі. Әсіресе ауа райы қатал қалаларда мұндай жүйе кең таралған. Астанада әуежай мен LRT стансасын байланыстыратын жабық өткелдің құрылысы аяқталуға жақын.
Стансаларда шағын бизнес нысандары көп болмайды. Қауіпсіздік талаптарына байланысты мұнда тек вендинг аппараттары орнатылады. Сонымен қатар пойыздардың шуын азайту үшін арнайы технологиялар қолданылған. Вагондардың қалыңдығы арттырылып, резеңке кірістірмелері бар доңғалақтар пайдаланылған. Бұдан бөлек, рельстер тігіссіз төселген. Мамандардың айтуынша, бұл жақын маңдағы тұрғын үйлерге түсетін діріл мен шуды азайтады.
LRT таңғы сағат 06:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қатынайды. Қазіргі таңда компания қарамағында 19 пойыз құрамы бар. Оның 15-і тұрақты бағытта жүреді. Қалған төртеуі резервте сақталады. Пойыздар арасындағы уақыт шамамен 5-6 минут болады. Жол ақысын банк картасы, QR-код, көлік картасы, Apple Pay, Samsung Pay және қолма-қол төлем арқылы төлеуге мүмкіндік беріледі. CTS өкілдерінің мәліметінше, рельс жүйесі, стансалар, байланыс желілері, қауіпсіздік және басқару тетіктері толық тексерістен өткен. Қазір тек эстакада маңын абаттандыру мен жекелеген техникалық жұмыстар жалғасып жатыр.

«Сынақ кезеңі толық аяқталды. Рельстер, стансалар, байланыс желілері, қауіпсіздік жүйелері түгел тексерілді. Апаттық сценарийлер де бірнеше рет сыналды. Қазір кей абаттандыру және тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ бұл іске қосылуға әсер етпейді. Жүйе толық дайын. Алдағы демалыс күндері астаналықтар жаңа жеңіл рельсті көлікпен қатынап көре алады», деп түйіндеді Асылбек Дүйсебаев.
Қалалық урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен LRT Астананың көлік жүйесіне ғана емес, қаланың жалпы келбетіне де әсер ететінін айтты.
«Қазір тек алғашқы желі іске қосылып жатыр. Болашақта екінші және үшінші бағыттар қосылса, қаланың көлік қозғалысы біртұтас жүйеге айналады. Бұл – халқы жылдам өсіп жатқан Астана үшін өте маңызды жоба. LRT көлік жүктемесін азайтып қана қоймай, қаланың туристік әлеуетін де арттырады. Сонымен қатар біз эстакада бойындағы кеңістікті қаланың ортақ келбетіне үйлестіруге тырыстық. Әуежайдан жаңа вокзалға дейін үздіксіз велосипед және жаяу жүргінші жолдары салынып жатыр. Яғни, LRT тек пойыз ғана емес, қаланың жаңа өмір салтының бір бөлігіне айналмақ», деді ол.

