Мырзалының қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары 16 жастағы студент әлімжеттіктің құрбаны болғанын айтып отыр.
Нұрдәулет Мырзалы фельдшер мамандығында білім алған. Ата-анасының сөзінше, оқиға түні жоғарғы курс студенттері оны жатақхананың фитнес залына апарып соққыға жыққан. Олар жедел жәрдемді дер кезінде шақырмағанын және кейін жағдайды жасыруға әрекеттенгенін алға тартты.
Марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаевтың айтуынша, студенттер Нұрдәулетті алдымен бөлмесіне апарып, кейін вахтаға түсірген. Туыстары жатақханада тәртіптің әлсіз болғанын және әлімжеттік оқиғалары жиі кездесетінін мәлімдеді.
Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізова бұған дейін де осындай қайғылы жағдай болғанын айтып, бұл мәселе жабулы күйде қалғанын жеткізді.
“Жертөледен екінші этаждағы бөлмесіне алып бара жатқан кезде біреу көріп шыңғырған. Қанмен сүйреп алып бара жатқан. Сосын оны көріп бөлмесіне тығып қойған. Сосын ақпан айында бір бала осылай өлген. Ол өлгенде кешірім берген де, сонымен жауып тастаған”, – дейді Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізова.
Қазір оқиға бойынша “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде бір студент қамауға алынған. Марқұмның туыстары басқа қатысы бар студенттер мен жауапты қызметкерлердің де заң алдында жауап беруін талап етуде.
Колледж әкімшілігі ішкі тексеру басталғанын хабарлады. Басшылық студенттердің тәртібіне бақылау жасай алмаған бірнеше қызметкер жұмыстан босатылғанын мәлімдеді. Колледж өкілдерінің айтуынша, оқиға тұрмыстық жанжалдан туындаған болуы мүмкін.