«Жомарт» кенішінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығы мен Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің қатысуымен жұмыс сапары өтті деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Іс-шараға корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәли, ҚР ТЖ вице-министрі Ерболат Садырбаев және Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев қатысты.
Сапар барысында өткен жылы орын алған оқиғаның салдарын жою бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі таныстырылды. Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың орындалу барысы қаралды.
Кеніштегі қазіргі аэрогаздық жағдай мен бақылау жүйелерінің жұмысы да көрсетілді. Мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бұрын оқыс оқиға тіркелген учаскелерде газсыздандыру шаралары атқарылған.
Бұдан бөлек, тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге арналған жол картасы әзірленіп, кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Желдету жүйелері жаңғыртылып, тәулік бойы аэрогаздық бақылау күшейтілген.
Корпорация қосымша ұйымдастырушылық және техникалық шараларды да қолға алған. Атап айтқанда, жабдықтарды жаңарту, қызметкерлерді позициялау және апаттық хабарлау жүйелерін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мемлекеттік инспекторлардың қатысуымен техникалық тексерістер жүзеге асырылып жатыр.
Барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша орындалып, тұрақты бақылауға алынған. Компания үшін қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдық болып қала береді.