Жер бетінде халық азайып, адамзат қартайып барады. БҰҰ дерегі бойынша, 65 жастан асқандар үлесі 7%-дан асса, қоғам «қартайып келе жатыр» деп есептеледі. Ranking.kz дерегінше, Қазақстанда да қартаю дәуірі жақындап қалды. Мысалы, 2010 жылы зейнет жасындағы халық 10% болған, ал 2020-да 11%-ға жеткен. Демографтар Қазақстанды «қартаю табалдырығында» деп санайды, өйткені еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі азайып барады. Ал әйелдер балалы болуға асықпайды. Неге? Ozgeris.info тілшісі демографиялық дағдарыстың басталуы мен оған қалай дайындалу керектігі жайында сарапшының пікірін негізгі алып зерттеп көрді.
XVIII ғасырдың соңында ағылшын ойшылы Томас Роберт Мальтус «Халық саны заңы туралы тәжірибе» еңбегінде әлем халқы геометриялық прогрессиямен өсіп, шамамен әр 25 жыл сайын екі еселенетіні туралы жазған. Салдарынан азық-түлік өндірісі мұндай қарқынға ілесе алмайды делінген. Оның пікірінше, мұндай жағдай аштық пен әлеуметтік дүрбелеңге әкелуі мүмкін.
Алайда XIX–XX ғасырларда Мальтус болжамы жүзеге аспады. Ол кезде ғылыми-техникалық революция мен ауыл шаруашылығы өнімділігінің артуы жер бетін азық-түлікпен молынан қамтамасыз етті.
Бүгінгі жағдай басқаша. XXI ғасырда керісінше, халық өсімі баяулады. Әлем халқының 8 миллиардқа жетуіне 12 жыл керек болды. Болжам бойынша, енді 9 миллиардқа жету үшін шамамен 15 жыл қажет. Сарапшылар мұны демографиялық қарқынның біртіндеп тежелуі деп сипаттайды.
Қартаю дәуірі
Nature журналында жарияланған зерттеулерге сүйенсек, 2070 жылдарға қарай әлем бойынша халық азая бастайды, ал 2150 жылға қарай қазіргі деңгейдің жартысына дейін төмендеуі мүмкін. Сол уақытта 60 жастан асқан адамдар үлесі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетпек.
Қазірдің өзінде Еуропа, Азия, Оңтүстік Америка мен Таяу Шығыстың 59 елінде туу көрсеткіші халықты өздігінен алмастыра алмайтын деңгейге түсті. Мұндай құбылыс дамушы елдерде де байқалып отыр.
Қазақстан халқы қартайып барады
БҰҰ жіктемесі бойынша, 65 жастан асқан адамдар үлесі 7%-ға жеткен ел «қартайып келе жатқан қоғам» саналады. Қазақстан бұл межеден әлдеқашан өтіп кеткен дейді сарапшы. Мысалы, 2010 жылы зейнет жасындағы азаматтар үлесі 10% болса, 2020 жылы 11%-ға жеткен.
Ж. Боже-Гарнье – Э. Россет шкаласы бойынша еліміз «қарттықтың табалдырығында» тұр.
«Еңбекке қабілетті халықтың үлесі азайып барады. Бірақ, біздің көрші елдерде туу деңгейі әле де жоғары, ал Қазақстан біртіндеп еуропалық демографиялық модельге жақындап келеді. Жастар мен еңбек нарығының әлеуеті тарылып барады», - дейді Қазақстан тағамтану академиясының президенті, медицина профессоры Алмаз Шарман.
Әйелдер балалы болуға асықпайды
Кең негізді, төбесі тар классикалық демографиялық пирамида енді төртбұрышқа ұқсай бастады дейді маман. Туу көрсеткіші бай елдерде ғана емес, кедей елдерде де төмендеп барады.
Мысалы, Мьянма мен Мексикада әр әйелге шаққандағы бала саны бір перзентке жақын. Сарапшының атйуынша, мұның себептері жеткілікті:
-балаларды бағу қымбат;
-миллениалдар мен зумерлер отбасын құруға асықпайды;
-childfree көзқарасының кеңеюі;
-экология, микропластик секілді факторлардың фертильділікке әсері;
-құндылықтар мен мақсаттардың өзгеруі.
Ұзақ өмір сүрудің сыры
XX ғасыр – вакциналар мен антибиотиктер дәуірі. Нәресте өлімінің азаюы, тамақ пен баспана сапасының жақсаруы өмір сүру ұзақтығын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Қазір көптеген елдерде бұл көрсеткіш өте жоғары, алайда ғалымдар адамның биологиялық шегін шамамен 115 жас деп бағалайды.
Алайда, зерттеушілерді бірқатар сұрақтар алаңдатып отыр.
«Осы шекке дейін дені сау өмір сүруді қалай қамтамасыз етуге болады? Және бұл шекті әрі қарай жылжыту мүмкін бе?».
Жасанды интеллект пен биомедицина
АҚШ, Жапония және Сингапур елдері цифрлық технологияларды қолдануда көшбасшы. Олар жасанды интеллект көмегімен қартаюды зерттеп, жаңа дәрілерді шығаруда.
Кремний алқабы мен Сингапурда қазақстандық ғалымдар да қатерлі ісікке қарсы дәрілерді ЖИ көмегімен әзірлеуде. Мамандардың айтуынша,
ЖИ арқылы дәріні әзірлеу процессі жеделдейді, аурудың алдын ала болжамын жасайды, емдеуді жекешелендіріп, денсаулық сақтау тиімділігін арттыру мүмкіндігі кеңейіп жатыр.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда дарынды кадрлар мен ресурстар жеткілікті. Биомедицинада өз орнымызды алу үшін сарапшы бірқатар ұсынысын білдірді:
-фундаменталды зерттеулерді қолдау;
-халықаралық серіктестікке жағдай жасау;
-ЖИ мен медицинаны тоғыстырған стартаптарды ынталандыру;
-белсенді ұзақ өмір бағдарламаларын дамыту, зейнет жасындағы мамандардың әлеуетін пайдалану қажет.
Жаппай қартаю құбылысы зейнетақы жүйесін қайта құруды, қарттардың еңбек белсенділігін ұзартуды, тіпті базалық табысты енгізуді талап етеді. Өмір сапасы жоғары елдер, атап айтқанда, Швейцария, Норвегия, Люксембург мұндай тәжірибелерді бастап кеткен.
«Бұл өмірде кез келген адамның міндеті, миссиясы болуы тиіс. Миссиясыз қоғам дамымайды», - дейді Алмаз Шарман.
Ол әкесін еске алып, оның өмір сүру салтын мысалыға келтірді.
«Әкем, академик Шарманов 93 жасына дейін Қазақстан тағамтану академиясын басқарып, күн сайын жұмысқа баратын, отырыстар өткізетін. Оның әрқашан миссиясы болды», – дейді ол.
Базалық табыс жөнінде сарапшы оң пікір білдірді. Айтуынша, адамдарға бос уақыт пен ресурстарын білімге, қайта даярлауға жұмсауға мүмкіндік беретін интеллектуалдық инфрақұрылым керек.
«Мысалы Сингапур тәжірибесі бізге керемет үлгі. Елде жас отбасыларға қаржылай көмек көрсетеді де, қарт ата-аналарына жақын тұруға ынталандырады. Осылайша бірден екі мәселе шешіледі», - дейді ол.
Алмаз Шарман «Биомедицина, жасанды интеллект және адамзаттың болашағы» атты еңбек жазған. Өз кітабында автор осы салаға үміт артады.
«DeepMind бір түнде 20 мыңнан астам адам ақуызының құрылымын шешті, бұған бұрын айлар кететін. Мұндай серпін жаңа дәрілерді ашу мен жекелендірілген медицинаны жылдамдатады», - деп жазылған.
Ол қатерлі ісікпен күрестегі таргеттік және иммундық препараттар туралы, Оземпик сияқты көпқырлы әсер беретін дәрілер туралы айта отырып, медицинада жаңа революция қарсаңында тұрғанымызды атап өтті.
Денсаулық пен өмір сапасын сақтау
Сарапшының пікірінше, қазақтың дәстүрлі тағамдары мен өмір салты ұзақ өмір сүрудің кілті. Негізгі кеңестері:
– құнарлы, алуан түрлі тағам жеу;
– күнделікті қимылдап, ең болмағанда жеңіл терлеу;
– күлімсіреу, құшақтасу;
– таза ауа, тыныш ұйқы;
– көкөніс, жеміс, пробиотикті көбейту.
Қазақтың дастарқаны пайдалы өнімдерге бай. Оның ішіндегі ең пайдалысы - қазы. Ол ақуыз бен омега-3 көзіне бай. Қымызда альбумин, пробиотиктер, С дәрумені дар.
«Ата-бабамыз осы дәстүрлі тағамдарымыздың арқасында ғасырлар бойы өмір сүрген», – дейді ол.
Еліміздің демографиялық ахуалы
2025 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстан халқының саны 20,3 миллион адамға жетті. Соның ішінде 25 жасқа дейінгі жастар 42,8 пайызды құрайды, яғни елде 8,7 миллионнан астам жас бар. 25 пен 65 жас аралығындағы еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі шамамен 48 пайыз. 65 жастан асқандардың үлесі 9,2 пайызға жетіп отыр. Яғни, еліміз БҰҰ жіктемесі бойынша «қартаю дәуіріне» аяқ басты деген сөз.
Орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы жылдары өскені байқалады. 2024 жылғы дерек бойынша қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа жетті. Ер адамдар орта есеппен 71,33 жас өмір сүрсе, әйелдер 79,42 жасқа дейін өмір сүреді. Қартаю индексі 2024 жылы 31,1-ге тең болды, бұл 2023 жылғы 29,5-тен жоғары. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында индекс 78,1-ге жетсе, Маңғыстау облысында 15,2 ғана болып отыр.
2024 жылдың басында 18 жасқа дейінгі балалар саны 6,84 миллионды құрады. Бұл халықтың 34,1 пайызы. Дегенмен туу көрсеткіші соңғы жылдары төмендеп барады. 2024 жылы жалпы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 18,47 бала болды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен аз. 2022 жылы бұл көрсеткіш 20,57, ал 2021 жылы 23,50 болған. 2024 жылы дүниеге келген балалар саны шамамен 278,7 мыңды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға азайды. Өлім көрсеткіші де сәл өсіп, 2024 жылдың тоғыз айында 1000 адамға шаққанда 6,59 болды.
Аталған деректерге қарап, елімізде туу азайып, қарттардың үлесі артып келетінін байқауға болады. Орташа өмір сүру жасы ұзарғанымен, еңбекке қабілетті азаматтар үлесі біртіндеп азаюда.
Ресми деректерге сүйеніп, 2030-2040 жылдарға арнаған болжам төмендегідей:
Туу көрсеткіші соңғы үш жылда 1000 адамға шаққанда 23,5-тен 18,4 балаға дейін төмендеді. Егер осы құбылыс жалғаса берсе, 2030 жылға қарай туу коэффициенті шамамен 16–17 бала деңгейінде болуы мүмкін. Яғни, жыл сайын дүниеге келетін балалар саны 260–270 мың шамасында ғана қалады деген сөз.
Қартаю индексі 31,1-ге жетті. Мұндай өсім сақталса, 2030 жылы бұл көрсеткіш 37–40 аралығында, ал 2040 жылы 45–50 деңгейінде болуы ықтимал. Яғни 65 жастан асқандардың үлесі 2030 жылы 11–12 пайызға, 2040 жылы 14–15 пайызға жетуі мүмкін.
Егер туу көрсеткіші қазіргідей төмендей берсе, еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 2030 жылдан бастап азая бастайды. Бұл зейнетақы жүйесіне, еңбек нарығына және әлеуметтік саясатқа айтарлықтай қысым түсіруі мүмкін.