Журналист Ботагөз Омаровамен соттасып жатқан «ВД Инжиниринг» компаниясының құрылтайшысы Азамат Үсімбековтің айналасында түрлі сыбыс көбейді. Әсіресе, кейбір БАҚ өкілдері ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатқан компанияның жетістігін жоғары лауазымды тұлғалармен байланыстырған болатын. Кәсіпкер берген сұхбатында бұл қауесеттерге нүкте қойып, компанияны кімдермен бірге басқаратынын ашып айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Желіде тараған негізгі қауесеттердің бірі – кәсіпкердің Президенттің туыстарымен байланысы туралы болды. Азамат Үсімбеков бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Оның айтуынша, өзі де, оның бизнес-серіктестері де Мемлекет басшысының айналасындағы адамдармен ешқандай қарым-қатынаста емес.
«Мен Президенттің саясатын құрметтеймін, бірақ оның туыстарымен ешқандай таныстығым жоқ. Оларды тіпті өмірде көрген емеспін. Ол адамдар туралы тек журналистердің бейнероликтерінен естідім», – деп мәлімдеді кәсіпкер.
Үсімбеков компанияның жалғыз иесі емес екенін жасырмады. Оның айтуынша, бизнесте өзімен бірге бұрыннан келе жатқан тағы екі құрылтайшы бар – Еркін Оқасов пен Асқар Қолтасбаев. Олардың барлығы Ақтөбе тумалары және сол жақта бірнеше жобаны бірге жүзеге асырғаннан кейін «ВД Инжиниринг» компаниясын да бірігіп сатып алуды ұйғарған.
Ал Еркін Оқасовтың жақында «Қазақстандағы ықпалды адамдар» тізіміне енуі компания басшылығы үшін күтпеген жағдай болған. Үсімбеков серіктесінің ешқашан саясатта болмағанын және оның бұл тізімге қалай кіріп кеткені түсініксіз екенін алға тартты.
Сұхбат барысында «Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшиннің кезінде бұл компанияны басқарғаны туралы ақпарат та сөз болды. Үсімбеков бұл жайлы тек жаңалықтардан білгенін айтты. Себебі ол компанияны 2022 жылы басқа адамнан (Арман Жаркеевтен) сатып алған және оған дейінгі басшылардың тарихынан бейхабар екенін жеткізді.
Сонымен қатар ол Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен ешқандай жеке жақындығы жоқ екенін, онымен тек жаңа жыл қарсаңында өткен ресми спорттық іс-шарада танысқанын атап өтті.
Кәсіпкер қазіргі таңда тендерлерді ұтып алу үшін жоғары жақтан таныс іздеудің қажеті жоқ деп санайды. Оның пікірінше, соңғы жылдары құрылыс нарығында ешқандай «артқы тіреусіз» жұмыс істеуге толық мүмкіндік жасалған. Басты талап – мемлекеттік нысандарды сапалы әрі белгіленген мерзімде тапсыру. Ол «ВД Инжинирингтің» Қызылордадағы стадион сияқты ірі нысандарды рекордтық уақытта салып шығуы осы сөзіне дәлел екенін айтты.