Әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
ІІМ-нің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі тіркелген бейнеролик анықталған.
Тексеру барысында 38 жастағы жүргізушінің көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны және қозғалыс кезінде ұялы телефон пайдаланғаны белгілі болды. Сондай-ақ көліктегі жолаушылардың да қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталған.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырған. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағуға, көлік жүргізу кезінде телефон қолданбауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.