🤖 Digital

Пойыздарды енді жасанды интеллект басқара ма?

Пойыздарды енді жасанды интеллект басқара ма?

Еліміз толыққанды цифрлық мемлекет құруға дайындалып жатқан кезеңде Президент бекіткен «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы ел дамуының жаңа бағытын айқындап берді. Құжатта деректер, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар мемлекеттік басқарудың, экономиканың және әлеуметтік саясаттың негізіне айналатыны атап көрсетілген, деп жазады Ozgeris.info.

Бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету немесе білім беру саласымен ғана шектелмейді. Енді цифрлық трансформация көлік пен логистика сияқты стратегиялық бағыттарды да қамти бастады. Соның бір көрінісі – теміржол саласына «Smart Rail» жүйесін енгізу жоспары.

Көпшілік жасанды интеллект туралы сөз қозғалғанда алдымен чат-боттар мен цифрлық сервистерді елестетеді. Алайда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, технологиялардың ең үлкен әсері инфрақұрылымдық салаларда байқалады. Энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика бағыттарында деректерді талдау мен болжам жасау мүмкіндігі тұтас экономиканың өнімділігіне ықпал етеді. Сондықтан Қазақстанның теміржол саласын цифрландыруға бет бұруы кездейсоқ шешім емес.

Транзит жаңа деңгейге көтеріліп келеді

Бүгінде еліміз Еуропа мен Азия арасындағы маңызды құрлықтық көпірге айналып отыр. Ресми деректерге сәйкес, Қытайдан Еуропаға бағытталатын құрлықтық жүктің шамамен 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Соңғы бес жылда теміржол арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өскен. Яғни өсім 60 пайыздан асты.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, транзит бүгінде саланың негізгі қозғаушы күшіне айналған.

«Транзит отандық теміржол саласының басты драйверіне айналды. Соңғы бес жылда транзиттік тасымал көлемі 20 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін өсті. Біздің міндетіміз – алдағы онжылдықтарда осы қарқынды үдете түсу. 2030 жылға қарай транзит көлемін екі есе арттырып, 67 млн тоннаға жеткізуді, ал 2040 жылға қарай 100 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», дейді ол.

Соңғы жылдары халықаралық тасымал бағыттары қайта қалыптасып жатыр. Геосаяси өзгерістер, жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы және жаңа нарықтардың пайда болуы Еуразия кеңістігіндегі транзиттік дәліздердің маңызын арттырды. Осындай жағдайда көлік инфрақұрылымын дамыту тек салалық міндет емес, экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналып отыр.

Инфрақұрылым кеңейіп жатыр

Мемлекет транзиттік әлеуетті арттыру үшін көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Қазір халықаралық көлік дәліздері бойында жеті логистикалық терминал жұмыс істейді. Тағы жеті нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалар «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттары бойынша бірыңғай көлік-логистикалық желі қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қарағанды облысындағы Қарағайлы кен орындарына апаратын теміржол желілерін жаңғырту, Индербор – Орал жаңа теміржол тармағын салу және Батыс Қазақстандағы көлік инфрақұрылымын дамыту жобалары қолға алынған. Мұндай бастамалар өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп қана қоймай, шикізат пен дайын өнім тасымалының тиімділігін арттыруға тиіс.

Дегенмен қазіргі әлемде теміржолдың бәсекеге қабілеттілігі тек жаңа жол салумен өлшенбейді. Көлік саласындағы басты артықшылық барған сайын цифрлық басқару жүйелеріне, деректерді өңдеу жылдамдығына және логистикалық шешімдердің тиімділігіне тәуелді болып барады.

Smart Rail деген не?

Көлік саласында қолға алынған цифрлық жобалардың ең маңыздысының бірі – теміржол инфрақұрылымын жасанды интеллект негізінде басқару жүйесіне көшіру. Бұл үшін саланың барлық негізгі нысандарынан ақпарат жинайтын бірыңғай деректер қоймасы – Data Lake қалыптастырылып жатыр.

Болашақта осы деректер негізінде Smart Rail жүйесі жұмыс істейді. Жасанды интеллект теміржол желісінің жұмысын талдап, ықтимал тәуекелдерді болжайды, маршруттарды оңтайландырады және басқарушылық шешім қабылдауға көмектеседі.

«Қазіргі уақытта теміржол саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сектордың барлық негізгі нысандары бойынша бірыңғай деректер көлі қалыптастырылуда. Алдағы кезеңде Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен үлкен деректер аналитикасын қолдану арқылы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шығындар азайып, қауіпсіздік деңгейі жоғарылайды», дейді сала мамандары.

Шын мәнінде Smart Rail – теміржолды басқарудың жаңа үлгісі. Бұған дейін теміржол инфрақұрылымындағы ақаулар көбіне оқиға болғаннан кейін анықталса, жаңа модель ықтимал проблемаларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Сол арқылы жөндеу жұмыстары уақытында жүргізіліп, пойыз қозғалысының қауіпсіздігі артады.

Әлемдік тәжірибеде бар ма?

Қазақстан қолға алып отырған бағыт әлемдік үрдіспен толық үндеседі. Швейцарияда да  жүзеге асырылып жатқан smartRail 4.0 бағдарламасы теміржол желісінің өткізу қабілетін жаңа жол салмай-ақ арттыруды мақсат етеді. Жоба қозғалысты басқару жүйелерін, сигнализацияны және байланыс құралдарын цифрлық платформаға біріктіруге негізделген.

Бағдарлама жетекшілерінің бағалауынша, теміржол саласының болашағы жаңа инфрақұрылым салудан бұрын қолданыстағы желіні деректер негізінде тиімді басқаруға байланысты. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені алдағы онжылдықтарда транзит көлемін бірнеше есе ұлғайту міндеті қойылып отыр.

Неміс халқы да жасанды интеллект теміржол бағыттамалары мен басқа да инфрақұрылым элементтерінің жағдайын бақылау үшін қолданылады. Арнайы сенсорлардан жиналған деректер ықтимал ақауларды алдын ала анықтап, жөндеу жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде техникалық қызмет көрсету шығындары азайып, қозғалыстың сенімділігі артады.

Жапонияда теміржол инфрақұрылымын автоматты түрде диагностикалайтын арнайы пойыздар пайдаланылып келеді. Олар жүздеген шақырым жолды тексеріп, адамның көзі байқамауы мүмкін кемшіліктерді анықтай алады. Яғни әлемнің жетекші мемлекеттері теміржолды басқаруда «көбірек рельс салу» қағидатынан «көбірек дерек пайдалану» қағидатына көшіп жатыр.

Алгоритм ағымындағы теміржол

Smart Rail жүйесінің маңызы тек көлік саласымен шектелмейді. Егер ел 2040 жылға қарай транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізуді көздесе, онда инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттырудың жаңа жолдарын табуға тура келеді. Бұл міндетті тек жаңа теміржол желілерін салу арқылы шешу қиын. Сондықтан жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлық басқару жүйелері шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Бір ғасыр бұрын теміржол индустриялық дамудың символы болды. Бүгінде ол цифрлық экономиканың тіректерінің біріне айналып келеді. Сондықтан Smart Rail жобасын көлік саласындағы кезекті жаңғырту ретінде емес, «Digital Qazaqstan» стратегиясының нақты көріністерінің бірі ретінде қарастырған жөн

Егер жоспарланған жобалар толық іске асса, Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ғана емес, цифрлық логистиканың да маңызды орталығына айналуы мүмкін. Өйткені XXI ғасырдағы теміржол бәсекесі рельс ұзындығымен емес, дерек пен алгоритмді қаншалық тиімді пайдалана алатынымен өлшенеді.

Барлық жаңалық