Қызылорда тұрғыны өзіне айыппұл салынғанын айтып, желіде шу шығарды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы ол жеке парақшасында жазды.
"Қозғалып қалсаң штраф сала бере ма сонда? Біздің құқықты неге таптай береді?
Неге халықты штрафпен қорқыта береді? Бүкіл Қазақстан болып штраф салып жібере ма екен деп қорқып жүреміз", деп жазды ол жылап.
Бұдан бөлек бойжеткен аталмыш оқиғаның екінші бөлімін жариялады. Видеодан ол өзін полиция қызметкерлерінің қорқытып жатқанын айтты.
Осыдан кейін облыстық полиция департаменті ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Анықталғандай, оқиға түнгі сағат 1 шамасында болған.
"Қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері терезесі ашық тұрған көлікке назар аударған. Көліктің ішінде музыка қатты ойнап, ондағы қыздар дауыстап айғайлаған. Осылайша түнгі уақытта тыныштық сақтамаған. Полиция қызметкерлері автокөлікке жақындап, құжаттарды тексеріп, жүргізушіге өздерінің не себепті келгенін сабырмен түсіндірген. Қызметкерлер ауызша ескертумен шектеліп, кейін тұрғынды жіберген. Оған ешқандай айыппұл салынған жоқ және әкімшілік жауапкершілікке тартылмады. Соған қарамастан азамат полиция қызметкерлерімен сөйлесу барысында эмоцияға беріліп, даусын көтерген және болған жағдайды бейнетаспаға түсірген. Кейін оқиғаны әлеуметтік желіде бұрмалап жариялаған", - делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы полиция қызметкерлерінің жетонына жазылған. Департамент бейнежазба тексеріліп, полиция қызметкерлерінің әрекетінен заңбұзушылық анықталмағанын атап өтті.