Оқиға

«Қайын әпкелерім бәрін қиратып кетті»: Қостанайлық келіншек жанұшыра көмек сұрады

«Қайын әпкелерім бәрін қиратып кетті»: Қостанайлық келіншек жанұшыра көмек сұрады

Қостанайда бірнеше адамның қысымына ұшырағанын айтқан әйел заңгерлерден көмек сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info

Бұл туралы Human Rights Lawyers қоғамдық қоры әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Қор өкілдерінің айтуынша, әйел өзінің қайын әпкелерінен бірнеше рет зорлық көргенін жеткізген.

«Келіншектің айтуынша, қайын әпкелері ұрып-соғады екен. Бір адам емес, бірнешеуі. Бұған дейін де зорлық көрген кезде полицияға хабарласып, арыз жазғанын, бірақ ешкім келмегенін және арызын қабылдамағанын айтып отыр», – делінген жазбада.

Жарияланған мәліметке сәйкес, кезекті жанжалға әйелдің жуылған киімдерді үйінің алдына жайып қоюы себеп болған. Оның сөзінше, осыған ашуланған туыстары үйіне келіп, терезесін шағып, жанжал шығарған.

«Киім жайғаны үшін сонша ашуға беріліп, біреудің үйіне барып терезе шағу – түсініксіз жағдай. Мына әйелдер заң алдында жауап берсін! Зорлық көрген адамға көмектесуіміз керек», – деді заңгерлер.

Қоғам белсендісі Раушан есімді әйел жәбірленушімен кездесіп, болған жағдайдың мән-жайын анықтаған. Сондай-ақ келіншектің полицияға арыз бергені хабарланды.

Оқиғаның нақты мән-жайы мен құқық қорғау органдарының ресми ұстанымы әзірге жарияланған жоқ.

 

Барлық жаңалық