Спорт

Дастан Сәтпаевтың дебюті: ойын бар, енді пас керек

Дастан Сәтпаевтың дебюті: ойын бар, енді пас керек

Дастан Сәтпаевтың «Бернли» сапындағы алғашқы ресми ойыны қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін маңызды оқиға болды. «Вест Бромвичке» қарсы кездесуде команда 1:3 есебімен жеңілгенімен, Сәтпаевтың 57-минутта алаңға шығуы оның Англиядағы жаңа кезеңінің басталғанын көрсетті, деп хабарлайды Ozgeris.info

Сәтпаев ойынға тың серпінмен қосылды. Шабуылда белсенді қимылдап, бос аймақтарға ашылды, доп сұрады және бірнеше эпизодта қауіпті позиция іздеді. Алайда оның негізгі мәселесі — командаластарынан жеткілікті пас ала алмауы. Әсіресе Эдвардс тарапынан Сәтпаевтың ашылған сәттерінде дер кезінде пас берілмеген эпизодтар болды. Бұл жас шабуылшының мүмкіндігін толық көрсетуіне кедергі келтірді.

Британиялық блогер Джош Пирсон да Сәтпаевтың дебютіне оң баға беріп, оның алаңдағы қозғалысын атап өтті. Ал «Бернли» командасының ойынына қатысты сын көбейіп отыр. Бас бапкер Никки Хайен команда ретінде ұжымның әлі де әлсіз екенін айтып, осы мәселені шешу үшін жұмыс істейтінін жеткізді.

Сәтпаевтың өзі үшін ең маңыздысы — алғашқы минуттарды алып, Чемпионшип футболының қарқынына бейімделу. Бас бапкердің пікірі де қазақстандық футболшыға деген сенім бар екенін аңғартады. Ол Сәтпаевты негізгі құрамда көбірек ойнату қажеттігін айтып, шабуылшының мүмкіндікті жібермейтін ойыншы екенін атап өткен. Бұл ретте Сәтпаевқа негізгі құрамдағы орын үшін күресу үшін уақыт қажет. Ол небәрі 18 жаста және Англия футболының физикалық әрі тактикалық талаптарына енді бейімделіп жатыр. Сондықтан алғашқы матчтағы нәтиже оның болашағына қатысты нақты қорытынды жасауға негіз емес.

Ең бастысы — Сәтпаевтың алаңға шыққаннан кейін жоғалып кетпей, керісінше ойынға араласуға тырысқаны. Егер «Бернли» оған сенім артып, командаластары шабуылдағы қозғалысын көбірек байқап, уақытылы пас бере бастаса, қазақстандық шабуылшының мүмкіндігі әлдеқайда артады.

Футбол сарапшысы Азамат Балахметовтің айтуынша, Дастан Сәтпаевты жасы мен алғашқы ойынына қарап сынауға асықпау керек.

«Дастан жас деп, оны сынауды қою керек. Бізде бірдеңе болса, бірден “елге қайт” дейтін әдет бар. Кеше ойынды көрдік, Дастан жақсы қосылды. Бірден гол соғатын мүмкіндігі де болды. Егер оның ашылғанын байқап, уақытында пас бергенде, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Бірақ оған пас жетпеді, тіпті жеткізуге тырыспаған сәттер болды. “Бернлиде” допты тым көп ұстап қалатын ойыншылар бар. Меніңше, команда сол себепті де ұтылды. Дастанның деңгейі негізгі құрамда ойнап жүрген біраз футболшыдан жоғары деп ойлаймын. Олар көп қателесті, ал Дастан алаңға шыққаннан кейін өзіне берілген мүмкіндікті жаман пайдаланған жоқ. Дриблинг жасады, ашылды, белсенді болды. Енді ең бастысы — Ники Хайен Дастанды дұрыс пайдалануы керек. Оған сенім артып, негізгі құрамда көбірек мүмкіндік берген жөн. Дастан — моментті сезетін, мүмкіндікті жібермейтін ойыншы. Оған тек допты уақытында жеткізу керек. Жалпы, оның ойыны маған ұнады. Әрі қарай осылай дамитын болса, “Челси” үшін де қызықты футболшы болуы мүмкін. Бәлкім, қысқы трансфер кезінде “Челси” оны қайта шақыру мәселесін қарастырар. Бірақ қазір Дастанға ең керегі — “Бернлиде” тұрақты ойнап, өзін Англияда дәлелдеу», — деді Азамат Балахметов.

Сәтпаевтың «Бернлидегі» болашағы бір ойынмен шешілмейді. Бірақ дебюті оның Англия чемпионатында өз орнын табуға мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Ендігі міндет — қосалқы құрамнан негізгі он бірлікке өту және алған мүмкіндігін голмен немесе нәтижелі әрекетпен дәлелдеу.

Барлық жаңалық