Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды, ал студенттер арасында пәтер іздеу нағыз науқанға айналды. Әсіресе өңірлерден, өзге қаладан келген жастар жалға берушілердің есігін қағып жүр. Таңдау көп болғанымен, бағалар қымбаттап кеткен, ал пәтер иелерінің көбі студенттерді сенімсіз деп санап, пәтерін жалға беруге асықпайды, деп жазады Ozgeris.info.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы Сергей Москаленко студенттер үшін пәтер жалдаудың қыр-сырын түсіндіріп, жалға берушілерге де, студенттерге де кеңес берді. Оның айтуынша, әр тамызда бір сценарий қайталанады:
«Алматы мен Астанаға мыңдаған студент ағылып келеді де, жалдамалы пәтер нарығы қыза түседі. Осы кезде пәтерлер көзді ашып-жұмғанша жалға беріліп кетеді, тіпті «заселение 110%» деп айтуға болады. Алайда қазан-қарашаға қарай жағдай тұрақталады, себебі кейбір студенттер үйлеріне қайтып, кейбірі ыңғайлырақ немесе арзанырақ пәтер тауып көшуге тырысады», дейді ол.
Маман студенттерді ең тәуекелі жоғары жалға алушылар қатарына жатқызады. Олар кейде уәде еткеннен көп адамды кіргізеді, шу шығарады, жиһазды бүлдіреді немесе төлемді кешіктіреді. Тіпті пәтерді қайтадан тәуліктік жалға беріп жіберетін жағдайлар кездеседі. Сондықтан ол «ешқашан ауызша келісімге сенбеңіз, тек жазбаша шарт жасаңыз» деп кеңес береді. Шартта төлем сомасы, мерзімі, тараптардың жауапкершілігі нақты көрсетілуі тиіс.
«Тамыз-қыркүйек айларында арендодательдер үстемдікке ие болады және бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Ол үшін ең тиімді құралдардың бірі – депозит. Көбіне ол бір айлық жалдау ақысына тең болады және студентті тәртіпке шақырады. Бұдан бөлек, пәтерді тапсыру актісін жасап, ішіндегі жиһаз бен техниканың жағдайын жазып алу керек. Қазір бұл тіпті оңай: қысқа видеоға түсіріп сақтап қою жеткілікті. Сондай-ақ есептегіш көрсеткіштерін сол күні жазып алу маңызды», дейді сарапшы.
Кейбір студенттердің келтіретін шығыны депозиттен де көп болуы мүмкін. Сондықтан қосымша сақтандыру полисін рәсімдеуді, есікке қосымша құлып орнатуды, кіреберіске бейнебақылау қоюды, көршілермен және учаскелік полициямен байланыста болуды ұсынамын. Ал пәтерді өзіңіз де айына бір рет тексеріп тұрған жөн.

Оның айтуынша, асығыс шешім қабылдау көбіне жанжалға алып келеді. Алматыда бір жалға беруші екі студентке келісімшартсыз пәтерін жалға берген. Бір айдан кейін көршілер шағым түсіргенде, пәтерде бес адам тұрып жатқаны анықталған. Нәтижесінде жөндеу жұмысы бүлініп, коммуналдық төлемдер жиналып қалған, ал студенттерді учаскелік полиция арқылы шығарып жіберуге тура келген. Әрине қалыпты бұл қазір қалыпты жағдайға айналған. Ал Астанадағы мысал бұған керісінше, барлық құжаттар рәсімделген, жиһаздың суреті түсірілген, депозит пен сақтандыру болған. Студент қыз жалдау ақысын уақтылы төлеп тұрған, ал кеткенде депозитінен тек ұсақ шығын ғана ұсталған. Екі тарап та риза болып тарасқан. Бұл мысалдар бір нәрсені дәлелдейді, егер бәрі ашық әрі заңды түрде жазылып қойылса, жалға алу процесі екі жақ үшін де тиімді әрі қауіпсіз болады.
Сергей Москаленко студенттердің өздеріне де бірнеше кеңес берді:
«Біріншіден, қаржылық мүмкіндікті алдын ала есептеу қажет. Жалдау ақысынан бөлек, депозит пен коммуналдық шығындарды да ескеру керек. Екіншіден, икемді болу маңызды: тамыз-қыркүйекте қолайлы пәтерді бірден табу қиын, сондықтан уақытша нұсқамен келісіп, кейін арзанырақ әрі ыңғайлырақ пәтерге көшуге болады. Үшіншіден, адалдықты ұстану керек: егер шартта екі адам деп жазылып, іс жүзінде бесеу тұрса, үлкен мәселелер туындайды. Сонымен бірге арендодательді де тексерген жөн – құжаттарын көру, көршілермен сөйлесу артық етпейді».
Төртіншіден, студенттер жалдамалы пәтерден басқа да нұсқаларды қарастыруына болады: бір бөлмелі пәтерді бөлісіп тұру, бөлме жалдау, уақытша хостелге немесе «времянкаға» орналасу. Мұндай шешімдер ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ қалтаға жеңіл. Бесіншіден, студенттер үшін жақсы әсер қалдыру өте маңызды. Пәтер иесіне сенімді әрі ұнамды көрінген жалға алушыға жеңілдік жасау ықтималдығы жоғары.