Отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау экономиканың стратегиялық бағыты. Соған қарамастан, елдегі ең ірі сауда желілерінің бірі саналатын Magnum сөрелерінен отандық өнімді алып тастап, шетелдік баламаларға ауыстырып жатыр. Мемлекеттің ең үлкен қолдауына ие дүкеннің бұл әрекеті халықтың да, қоғам белсенділерінің де наразылығын тудырды. Айта кетейік, аталмыш сауда желісіне қатысты тағы бір дау жақында орын алған еді. Ол кезде мемлекеттік тілге деген немқұрайлы қарым-қатынасы үшін шу шыққан. Ал қазіргі әрекеті нені білдіреді? Ozgeris.info тілшісі сарапшының пікірін негізге алып жалғастырады.
«3 желание» майонезі қайда кетті?
Белгілі экономист Айбар Олжаев бұл туралы алғашқылардың бірі болып мәселені көтерді. Ол өзінің Facebook парақшасында бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігіне тексеріс өткізуді талап етіп, жазба қалдырды.
«Өткен сенбі күні Алматыдағы «Жетісу» ықшам ауданындағы Magnum гипермаркетіне бардым. Бір байқағаным, Қазақстанда өндірілетін әйгілі «3 желание» майонезі дүкеннен мүлде жоғалып кеткен. Оның орнына Ресейлік «Макеев» маркалы өнімдері жайғасыпты. Дүкен қызметкері отандық майонездің сатылымда жоқ екенін айтты», - деп жазды сарапшы.
Маманның айтуынша, соңғы жылдары Magnum гипермаркеттер желісі отандық өнімдерден бас тартып, дүкен сөрелерін ресейлік және басқа да шетелдік тауарларға толтыруды қолға алған. Мысалы, бұрын да жармалар мен сұйық май позицияларында Магнумның отандық емес, ресейлік тауарларды көбірек өткізуге тырысатыны байқалатын. Бірақ бұл жолғысы әбден шектен шықты дейді ол.
17 миллиард теңге қайда кетті?
Magnum жекеменшік бизнес. Әрине, қандай тауарды сөреге қою өз еркі. Бірақ бұл компания соңғы бес жылда кемінде 17-18 миллиард теңге мемлекеттік қолдау алған. Алматы қаласының өзінен 13 миллиард теңге көлемінде пайызсыз несиелер мен жеңілдіктер бөлінген.
«Мұндай қолдау өз алдына, бірақ мемлекет бұл көмекке нақты шарт қоймаған: отандық тауарларды өткізу міндеттелмейді. Яғни, мемлекеттік ақшамен ресейлік өнімді субсидиялау қалыпты құбылысқа айналған. Бұл саясат отандық өндірушіні қолдау логикасына тікелей қайшы», - дейді сарапшы.
Magnum бизнес-моделі кімге тиімді?
Қазір Magnum сауда желісі тауар сатудан гөрі, өндірушілерден түрлі жарнама, сөредегі орын үшін ақы жинау арқылы пайда табуда. Мұндай саясат отандық өндірушілердің мүмкіндіктерін шектейді. Бұл олардың өндіріс көлемін, қызметкерлер айлығын, жұмыс орындарын қысқартуына әкеледі. Тұтынушының сатып алу қабілеті төмендейді, ақырында, бұл Magnum-ның өзіне де теріс әсер етеді.
«Сауда министрлігі тарапынан үлкен логикалық қателік бар. Олар Магнум сияқты ірі сауда желілеріне пайызсыз несие таратып отырғанда тек белгілі бір әлеуметтік азық-түлікке бағаны өсірмеу бойынша талап қояды. Бірақ «ол тауар отандық болуы тиіс» деген шарт жоқ. Сондықтан мысалы, «арзан сүт сат» деп талап қойып, мемлекеттік көмек берілгенде, Магнум ол ақшаны алып беларустың арзан сүтін сатып отыра алады. Ол біздің отандық тауар өндірушіні қолдау бойынша экономикалық логикамызға, осы салаға берілетін 8 триллион теңге инвестициямызға мүлде қайшы, қарама-қарсы шешім», - деп жазды маман.
Ресей импорты өсіп, теңгеге қауіп төнуде
Қазақстанның Ресейден азық-түлік импорты 2024 жылы 10%-ға өсіп, бүгінде 1,9 миллиард доллар көлеміне жеткен. Мұндай импорт рубльдің теңгеге ықпалын арттырып, болашақта Ресейдегі инфляцияның Қазақстанға әсер ету қаупін тудырады. Яғни, Magnum-ның Ресей өнімін таңдау арқылы ел экономикасының макротұрақтылығына да қауіп төндіруі мүмкін.
«Магнум басшылығы стратегиялық жағынан өте таяз ойлап отыр. Олар қазір әлдебір идеологиялық, немесе қысқамерзімді келісімдер есебінен Ресей экономикасына көмектескісі келеді. Енді осы 2 миллиардтық ақша каналы рубльдің теңгеге ықпалын қамтамасыз етеді де, ертең Ресейде міндетті түрде орын алатын инфляция бізге де әсер береді. Ал рубль құлап кететін болса, ол теңге бағамына қысым жасай бастайды», - деп шүйлікті маман.
Сарапшының жазуынша, бұл тұста екі ғана жол бар.
«Не Магнумға мемлекеттен ақша бөлінбеу керек. Олар білгенін сатсын. Не Магнумға мемлекеттен ақша бөліну жалғасса, онда отандық азық-түлікті қандай жағдай болмасын сөреден алып тастауға тиым салу керек», - дейді Айбар Олжаев.
Қазақ майонезінің тағдыры - ұлттық мүдде мәселесі
Қазақстан-Орталық Азиядағы азық-түлік өндірісінің көшбасшысы. Мысалы, Алматыдағы «Еуразиан Фуд» зауыты шығаратын майонез Ауғанстаннан бастап Шығыс Еуропаға дейін экспортталады. Ал мұндай өнім өз елінде шетқақпай көріп жатса, өзіміздің ең ірі сауда желісі отандық майонезді Ресейдің ешкім жемейтін Макеев маркасымен ауыстырғаны Magnum Cash & Carry басшысы Азамат Османовтың атына үлкен сын болды дейді маман.
Magnum-ның қазіргі саясатына қоғам тарапынан сын артып келеді. Егер бұл жағдай жақын күндері түзелмесе, мәселе Мәжіліс деңгейіне дейін жетуі мүмкін.