🏛️ Саясат

"Орталық Азия - Қытай": Астанадағы жабық кездесуде қандай мәселелер қаралды

"Орталық Азия - Қытай": Астанадағы жабық кездесуде қандай мәселелер қаралды

Астана төрінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған ауқымды кеңес өтті. Басқосуға қос мемлекеттің құқық қорғау және арнайы органдарының басшылары жиналды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Маңызды жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов төрағалық етті. Қытай тарапынан Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси-заң комиссиясының хатшысы әрі Саяси бюро мүшесі Чэнь Вэньцин қатысты.

Келелі кеңесте аймақтық және халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қаралды. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы жұмыстарды талқылады. "Орталық Азия - Қытай" форматындағы іс-қимылдарды үйлестіру жайы да назардан тыс қалмады.

Екі ел өкілдері трансұлттық қылмысқа қарсы бірлесе күресу қажеттігіне баса мән берді. Халықаралық терроризм, экстремизм және сепаратизм қаупінің алдын алу үшін ортақ күш-жігерді топтастыру маңызды екені кесіп айтылды.

Қазіргі заманғы сын-қатерлерге төтеп беру үшін қауіпсіздік саласында жүйелі диалог орнату құпталды. Қос мемлекеттің күштік ведомстволары арасындағы байланысты нығайту сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасайды.

Осыған дейін Ғизат Нұрдәулетов "Орталық Азия - Ресей" форматындағы қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуіне қатысқан еді. Бұл жолғы Қытаймен арадағы келіссөздер сол жұмыстардың заңды жалғасы іспеттес.

Барлық жаңалық