Жаңалықтар

Ал-Фарабидегі апаттың салдары: Танымал заңгер абақтыдан босап шыға ма

Ал-Фарабидегі апаттың салдары: Танымал заңгер абақтыдан босап шыға ма

Бүгін Алматы қаласында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы басталды. Ол онлайн тұғырнамалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыппен жауапқа тартылып жатыр. Бұл Қылмыстық кодекстің 274 бабы 2 бөлігінің 3 тармағына сәйкес келеді. Заңгерге үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр деп хабарлайды ozgeris.info сайты kozachkow телеграм арнасына сілтеп.

Блогер наурыз айының отызы күні ұсталған болатын. Содан бері қамауда отыр. Оның бұлай істі болуына Ал-Фараби даңғылында адам өліміне әкеп соққан жол апаты тікелей себеп болды. Нақтырақ айтсақ "Zeekr" көлігінің жүргізушісі Александр Пактың ісіне қатысты айтқан пікірлері түрткі болған.

Бүгінгі сотта қорғаушы тарап арнайы өтінішхат түсірді. Олар кінәні мойындау арқылы процестік келісім жасасуды сұрады. Сонымен бірге бұлтартпау шарасын өзгертуді талап етті. Алайда судья қамаудан босату туралы өтінішті қанағаттандырмай отырысты 16 маусымға қалдырды. Осы күні айыптау актісі оқылып жәбірленушілерден жауап алынады. Іс жалпы тәртіппен қаралатын сыңайлы.

Молдахан кінәсін мойындап жәбірленушілер кешірім берген күннің өзінде нақты жаза арқалауы әбден мүмкін. Өйткені ол бұған дейін тонау қылмысы үшін істі болған. Бұл заңнамада ауыр қылмыс санатына жатады. Бұрынғы соттылығы жаза тағайындау кезінде жағдайды ауырлататын мән-жай ретінде есепке алынады.

Егер сот процестік келісімді мақұлдаса заңгер жақын арада эфирге қайта оралуы ғажап емес.

Барлық жаңалық