Халықаралық жүк тасымалы нарығында үлкен дау туындады. Мәселе шекарадан кедергісіз өтуге мүмкіндік беретін маңызды құжаттарды беретін ұйымның билігіне қатысты болып отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты halyqstan телеграм арнасына сілтеп.
"Қазақстанның халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы" немесе қысқаша КазАТО заңды тұлғалар бірлестігі саналады. Бұл ұйым отандық жүргізушілерге "TIR" кітапшасын таратады. Аталған құжат тасымалдаушыларға әрбір өткізу бекетінде тексерусіз шекарадан жеңілдетілген тәртіппен өтуге жағдай жасайды. Яғни уақыт жоғалтпай жылдам жүруге арналған ерекше рұқсат қағазы саналады. Осындай құнды кітапшаларды тарату құқығы ұйымға саладағы зор ықпал мен билік береді.
Бұл одақтың басында 1997 жылдан бері Мақсат Сақтағанов отыр. Ол алғаш ұйымның құрылуына тікелей атсалысқан адам. Соңғы рет 2016 жылы бірінші басшы қызметіне бес жылға қайта сайланған. Содан бері ешқандай жалпы сайлау өтпеген.
Одақ құрамында жүздеген кәсіпкер бар. Алайда 2023 жылы ұйымның болашағын шешетін аса маңызды жиын олардың қатысуынсыз өткен. Бұл басқосуға тек Мақсат Сақтағанов пен "Termo Truck", "Иссыкмежавтотранс" және "ALGA MOTORS" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері ғана жиналған. Олар өзара келісіп ұйым Жарғысына өзгерістер енгізген. Осылайша Сақтағановтың президенттік өкілеттігін бірден жеті жылға ұзартып жіберген.
Ескі Жарғы талаптары бойынша президентті сайлау мәселесі тек одақ мүшелерінің жалпы жиналысында ғана шешілуі тиіс. Бірақ салаға қатысы бар басқа мүшелер бұл жиынға мүлдем шақырылмаған. Оған қоса жиынға қатысқан үш компанияның басшылары қазір КазАТО Кеңесінің құрамына кіреді. Ұйымдағы туыстық байланыстар да назар аудартады. Бас директордың орынбасары қызметін президенттің қызы Динара Сақтағанова атқарады. Осындай тар шеңберде өткен жиналыстың хаттамасы әділет органдарында ресми тіркеуден өткен.
Бұл жағдаймен келіспеген бір көлік компаниясы өткен күзде Алматы қаласының экономикалық сотына шағым түсірді. Талап арыз КазАТО ұйымына және жабық жиынға қатысқан үш серіктестікке қарсы бағытталды. Жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін жүздеген кәсіпкер сотқа үшінші тарап ретінде тартылды. Олар 2019 және 2023 жылдары өткен жиналыстардағы шешімдерге қарсылық білдірді.
Бірінші сатыдағы сотта судья Әділбек Баймахан талапкердің сөзін сөйледі. Ол КазАТО жалпы жиналысының Жарғыны өзгерту және президент өкілеттігін мерзімінен бұрын ұзарту туралы шешімін заңсыз деп таныды.
Кейін бұл іс Алматы қалалық сотында қаралды. Судьялар Трумова, Мұшанова және Бұрымқұловтан құралған алқа бірінші сатыдағы шешімнің күшін жойды. Олар тасымалдаушылар одағының жұмысында ешқандай процедуралық бұзушылықтар жоқ деген қорытындыға келді.
Енді бұл даулы мәселеге Кассациялық сот нүкте қояды. Жүздеген мүшесі бар ұйым басшысының бірнеше әріптесін ғана жинап билігін ұзартуға құқығы бар ма деген басты сұрақтың нақты жауабы сол кезде белгілі болады.