💰 Экономика

Инфляция баяулағанымен, баға өсімі тоқтаған жоқ

Инфляция баяулағанымен, баға өсімі тоқтаған жоқ

Қазақстанда инфляция қарқыны біртіндеп баяулай бастағанымен, тұтыну нарығындағы баға өсімі әлі де сақталып отыр. Мамыр айының қорытындысы бойынша айлық инфляция 0,7 пайызды құрады. Бір қарағанда бұл көрсеткіш аса жоғары көрінбеуі мүмкін. Алайда халық күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасына үңілгенде қымбатшылықтың әлі де сезіліп тұрғанын аңғару қиын емес. Әсіресе ет, сүт өнімдері, дәрі-дәрмек пен бірқатар қызмет түрлерінің қымбаттауы отбасылық бюджетке қосымша салмақ түсіріп отыр.

Статистика дерегіне сәйкес, мамыр айында азық-түлік өнімдерінің бағасы 0,4 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6 пайызға, ал ақылы қызметтер 1,1 пайызға өсті. Көктемнің соңғы айында маусымдық фактордың әсерімен кейбір көкөністердің бағасы айтарлықтай төмендеді. Мәселен, қияр бағасы бір айда 25,4 пайызға, қызанақ 25,1 пайызға, тәтті бұрыш 8,3 пайызға, сарымсақ 3,1 пайызға, мандарин 2,6 пайызға және қызылша 2 пайызға арзандаған. Сонымен қатар күнбағыс майы мен консервіленген жүгері бағасы 0,4 пайызға төмендеді.

Алайда бұл үрдіс барлық азық-түлікке тән емес. Керісінше, бірқатар тауар түрлерінің бағасы өсті. Қой еті 4,7 пайызға қымбаттап, азық-түлік тауарлары арасындағы ең жоғары өсімдердің бірін көрсетті. Сонымен бірге сиыр бауыры мен майдағы шпроттар бағасы 3,3 пайызға, алма 3,1 пайызға, шұжық өнімдері 1,7 пайызға, сүт 1,1 пайызға, жұмыртқа 0,6 пайызға және айран 0,4 пайызға өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар сегментінде де әркелкі жағдай қалыптасты. Бірқатар тауар арзандады. Мысалы, таба бағасы 4,8 пайызға, ыдыс жуғыш машиналар 3,3 пайызға, кітаптар 2,5 пайызға және смартфондар 1,5 пайызға төмендеді. Бөлме өсімдіктерінің бағасы да 0,6 пайызға арзандаған.

Сонымен қатар фотоаппараттар бағасы 7,4 пайызға, үтіктер 3,1 пайызға, шаруашылық сабын 2,7 пайызға және дәрі-дәрмек 1,7 пайызға қымбаттады.

Қызмет көрсету секторындағы өсім бұдан да жоғары болды. Балалар аттракциондарының қызметі бір айда 6,6 пайызға қымбаттады. Сонымен қатар көлік қызметтері 1,5 пайызға, автокөлік жуу қызметтері 0,7 пайызға өсті. Жылдық көрсеткіштер де баға қысымының толық сейілмегенін аңғартады. 2025 жылғы мамырмен салыстырғанда 2026 жылғы мамырда инфляция деңгейі 10,4 пайыз болды. Осы кезеңде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,7 пайызға, азық-түлік өнімдері 10,7 пайызға, ал ақылы қызметтер 8,7 пайызға өсті.

Дегенмен жылдық есепте кейбір тауарлардың бағасы айтарлықтай төмендеген. Қияр бір жыл ішінде 35,2 пайызға, пияз 25,1 пайызға, қызанақ 24,3 пайызға, картоп 7,5 пайызға, банан 4,9 пайызға және күріш 4,3 пайызға арзандады.

Ал бірқатар өнім бойынша өсім сақталып отыр. Алма бағасы жыл ішінде 9,8 пайызға, мұздатылған балық 8,5 пайызға, қара шай 7,6 пайызға, макарон өнімдері 6,6 пайызға және қант 2,3 пайызға өсті.

Өнеркәсіптік және тұрмыстық тауарлар арасында да қарама-қайшы үрдіс байқалады. Бір жыл ішінде отандық жеңіл автокөліктердің бағасы 17,9 пайызға төмендеді. Азитромицин 6 пайызға, микротолқынды пештер 1,1 пайызға арзандады. Алайда шаруашылық сабын бағасы 10,5 пайызға, ерлер шалбары 10,2 пайызға, кір жуғыш ұнтақ пен тұрмыстық техника бағасы 9,1 пайызға көтерілді.

Қызмет көрсету саласында баға өсімі әлі де жоғары. Көлік қызметтері бір жыл ішінде 11,1 пайызға, қонақүй қызметтері 10,3 пайызға, білім беру қызметтері 8,9 пайызға және мобильді байланыс қызметтері 7,6 пайызға қымбаттады.

Сарапшылар қазіргі жағдайды инфляцияның жаңа кезеңге өтуімен байланыстырады. Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының бағалауынша, Қазақстан экономикасы жоғары инфляциялық қысым жағдайынан біртіндеп шыға бастаған.

«2026 жылдың мамырында жылдық инфляция 10,6–10,7 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Ал айлық инфляция 0,8–0,9 пайыз аралығында күтіледі. Бұл нарық үшін маңызды белгі. Баға қысымы әлі де сақталғанымен, инфляцияның қозғалысы бірнеше ай бұрынғы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты сипат ала бастады», дейді бюро сарапшылары.

Олардың пікірінше, қазіргі үрдіске бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі – ұлттық валютаның салыстырмалы түрде тұрақтануы. Бұл импортталатын инфляцияны тежеуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар Ұлттық Банктің қатаң ақша-несие саясаты ішкі нарықтағы қайталама баға өсімінің таралуын баяулата бастаған.

«Жанар-жағармай бағасына қойылған мораторий аяқталғаннан кейінгі өсім де тұтыну бағалары индексінің күрт көтерілуіне алып келген жоқ. Қазіргі инфляциялық үдерістің басты ерекшелігі – оның біртіндеп қалыпты траекторияға қайта оралуы. Логистика мен көлік шығындары тарапынан қысым сақталғанымен, нарық жаңа баға деңгейлеріне жаппай дүрбелеңсіз бейімделіп келеді», дейді сарапшылар.

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының болжамына сәйкес, жыл соңына қарай инфляция деңгейі біртіндеп төмендей түсуі мүмкін.

«Біздің бағалауымыз бойынша, 2026 жылдың желтоқсанына қарай жылдық инфляция 10,4 пайызға дейін төмендейді. Бұл экономика бағаның ең сезімтал қайта бейімделу кезеңінен біртіндеп өтіп жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге ішкі сұраныс пен қаржы жүйесінің салыстырмалы тұрақтылығы сақталып отыр», дейді мамандар.

Қазір нарық жанар-жағармай бағасының алдағы ықпалын және тарифтік саясаттағы өзгерістерді мұқият бақылап отыр. Инфляция деңгейі әлі де жоғары болғанымен, мамыр айының нәтижелері баға өсімінің бұрынғыдай күрт емес, біршама болжамды әрі басқарылатын сипат ала бастағанын көрсетеді. Дегенмен қымбатшылықтың халықтың нақты табысына әсері сақталып отырғандықтан, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету алдағы кезеңдегі экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.

 

Барлық жаңалық