Жаңалықтар

Нұрсұлтан Жақсыген апелляциға берген: сот шешімі шықты

Нұрсұлтан Жақсыген апелляциға берген: сот шешімі шықты

Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарауды аяқтады. Сот бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының шағымын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бұл туралы Фариза Алмазқызының мүддесін қорғап жүрген адвокат Мұхаммад Алиосманоғлы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Заңгердің айтуынша, апелляциялық сот қылмыстық істі қарап, алғашқы сот шешімін күшінде қалдырған.

«Бүгін Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жақсыген Нұрсұлтанға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарауды аяқтап, түпкілікті шешім қабылдады. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды», – деп жазды адвокат.

Мұхаммад Алиосманоғлы қабылданған шешімді заңды әрі әділ деп бағалап, істі қараған судьяларға алғыс білдірді.

«Сабыралиева Фаризаның мүддесін қорғаушы адвокат ретінде қабылданған сот шешімін заңды, әділ әрі негізді деп есептеймін», – деді ол.

Сонымен қатар адвокат қылмыстық істің тергелуіне қатысқан Қарасай ауданы полициясы мен Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.

Ол тергеу барысында заңдылықтың сақталуын қадағалаған Қарасай ауданы мен Алматы облысының прокуратураларына да алғыс айтты.

Бұдан бөлек, заңгер белгілі журналист Руслан Өтепбайдың еңбегіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, журналист бұл істі ғана емес, қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерді көтеріп, шындықтың ашылуына үлес қосып келеді.

«Досым, белгілі журналист Руслан Өтепбайға ерекше алғысымды білдіремін! Біздің ісімізде ғана емес, еліміздегі өзге де өзекті мәселелерді әділ әрі шынайы көтеріп, ақиқаттың ашылуына қосып жүрген үлесің үшін рақмет!Әрдайым әділдіктің жағында болып, шындықтың үнін жеткізе бер, бауырым!», – деп жазды адвокат.

Заңгер мәлімдемесінің соңында заңның барша азаматтың құқығы мен заңды мүддесін бірдей қорғауы керектігін атап өтті.

«Әділдік әрқашан салтанат құрып, заң әрбір адамның құқықтары мен заңды мүдделерін бірдей қорғауы тиіс!», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, адвокаттың жариялаған мәлімдемесінде Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты бірінші сатыдағы сот тағайындаған жазаның нақты мерзімі мен қылмыстық істің толық мән-жайы көрсетілмеген.

Барлық жаңалық