Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, бұрынғы футболшы, белгілі төреші әрі жаттықтырушы Николай Дрютов 81 жасында дүниеден өтті. Ол 2026 жылы 17 қарашада қайтыс болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Федерацияның ресми сайтында марқұмның туыстарына, жақындарына және оны танитын барлық жанға көңіл айтылды.
«Николай Семеновичтің өмір жолы – спортқа, өз ісіне адалдықтың және өскелең ұрпаққа деген шынайы қамқорлықтың үлгісі. Оның есімі Астана және бүкіл Қазақстан футболының тарихында мәңгі қалады», – делінген хабарламада.
Дрютов Воронеж облысында дүниеге келгенімен, оның бүкіл өмірі мен кәсіби мансабы Астанамен тығыз байланысты. Ол Целиноградтағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Локомотив» спорт мектебін бітіріп, жергілікті «Динамо» сапында шабуылшы ретінде ойнаған.
Астанада Дрютов спорт және дене шынықтыру комитетін басқарып, қалалық спорт департаментінде басшылық қызметтер атқарған. Ол астаналық «Жеңіс» футбол клубының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.