Қарағанды облысының Балқаш қаласында екі кәмелетке толмаған қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны полицияға арызданып, белгісіз біреулер өзінің қыздарына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағанын хабарлаған.
"Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Алдын ала мәлімет бойынша, құқыққа қайшы әрекеттер әртүрлі уақытта және әр жерде жасалған. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысты тергеуге облыстық Полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қарағанды облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп жауап жолдады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.