Қоғам

Махамбет Әбжанның 9 жылға сотталғаны өзгеріссіз қалды

Махамбет Әбжанның 9 жылға сотталғаны өзгеріссіз қалды

Кассациялық сот журналист Махамбет Әбжанға қатысты төменгі соттардың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ол кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалағаны және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған,деп хабарлайды Ozgeris.info.

Сот материалдарына сәйкес, Махамбет Әбжан басқа адамдармен бірлесіп, интернет-ресурста кәсіпкер М. мен елорданың коммуналдық кәсіпорындары басшыларының қоғамда резонанс тудырған қылмыстық іс фигурантымен байланысы бар екені туралы жалған мәліметтер жариялаған.

Бұл материалдар тарағаннан кейін кәсіпкер тұрғын емес үй-жайды жалдау шартынан айырылып, ірі көлемде шығынға ұшыраған. Кейін Әбжан кәсіпкердің мүддесіне зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жинауды және таратуды тоқтатуға уәде беріп, одан 50 миллион теңге талап еткен. Ақшаны алған сәтінде ұсталған.

Бірінші сатыдағы сот оны Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі және 194-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот та үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Адвокат кассациялық шағымында сотталған адамның кінәсі дәлелденбегенін айтып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Алайда кассациялық сот Әбжанның кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтары, тергеу материалдары, сараптама қорытындылары және ақша беру сәтіне қатысты дәлелдермен расталғанын атап өтті. Сот дәлелдемелердің заң талаптарына сай жиналғанын және істі қарау кезінде елеулі процестік заң бұзушылықтар болмағанын анықтады.

Осылайша, кассациялық сот Махамбет Әбжанға қатысты сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.

Барлық жаңалық