💰 Экономика

Мұнай бағасының өсуі Қазақстан бюджетіне қосымша табыс әкелуі мүмкін

Мұнай бағасының өсуі Қазақстан бюджетіне қосымша табыс әкелуі мүмкін

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі әлемдік мұнай нарығына әсерін жалғастырып жатыр. Аймақтағы тұрақсыздық пен Ормуз бұғазы маңындағы теңіз тасымалына қауіптің сақталуы мұнай бағасының өсуіне себеп болды.

Қазіргі таңда мұнай бағасы соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жақындап, бір сәтте баррель үшін 94,5 доллардан асты.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдай Қазақстан үшін қосымша бюджет кірісін қамтамасыз етуі мүмкін. Себебі мемлекеттік бюджет мұнайдың баррелі шамамен 60 доллар деңгейінде болады деген консервативті болжаммен жоспарланған. Ал нарықтағы жоғары баға қосымша фискалдық тиімділік береді.

Сонымен қатар физикалық мұнай нарығында да өзгерістер байқалуда. Қазақстан экспорттайтын CPC Blend мұнайы қазір Brent маркасынан жоғары бағамен сатылып жатыр. Бұрын қазақстандық мұнай әдетте барреліне 4–6 доллар арзанырақ бағаланатын. Ал қазіргі уақытта оның премиясы шамамен +20 долларды құрайды.

Бұл жағдай Парсы шығанағы аймағындағы жеткізілімдердің бұзылуына байланысты әлемдік нарықта қақтығыс аймағынан тыс өңірлердің мұнайына сұраныстың артуымен түсіндіріледі.

Teniz Capital сарапшыларының бағалауынша, мұнай бағасының өсуінен халықаралық мұнай-газ компаниялары да пайда көруі мүмкін. Олардың қатарында ConocoPhillips және Occidental Petroleum бар. Айта кетейік, ConocoPhillips акциялары 2025 жылдың желтоқсанынан бері 25,3 пайызға өскен.

Қазақстандық компаниялар арасында сарапшылар «ҚазТрансОйл» мен «ҚазМұнайГазды» атап өтеді. Бұл компаниялардың қызметі мұнайды экспорттау және тасымалдаумен тікелей байланысты.

Алайда мұнай бағасының өсуі әлем экономикасының кейбір салаларына кері әсерін тигізуі мүмкін. Әсіресе әуе тасымалы саласы қысымға ұшырап отыр. Мысалы, Lufthansa акциялары 14,7 пайызға, Air France–KLM 21,1 пайызға, ал International Airlines Group 17 пайызға төмендеді.

Геосаяси шиеленіс қор нарықтарына да әсер етті. Оңтүстік Кореяның KOSPI индексі 15,9 пайызға, ал Еуропаның Euro Stoxx 50 индексі 8,9 пайызға төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, мұнай нарығындағы қазіргі жағдай әлемдік экономиканың көптеген секторына ықпал етуі мүмкін, ал Қазақстан үшін бұл кезең белгілі бір қаржылық мүмкіндікке айналуы ықтимал.

Барлық жаңалық