Солтүстік Қазақстан облысында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада өңірдің белсенді әрі табысты әйелдері марапатқа ие болды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Солтүстікқазақстандық әйелдерді көктемнің шуақты мерекесімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан еліміз бен өңірдің дамуына айрықша үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар мен құттықтау хаттарын табыс етті.
Облыс әкімі өз сөзінде Солтүстік Қазақстан өңірі талантты әрі еңбекқор қыз-келіншектерге бай екенін атап өтті.
«Солтүстік өңірі талантты қыз-келіншектерге бай. Олар спортта биік белестерді бағындырып, табысты жобаларды жүзеге асырып, ұрпақ тәрбиелеп, кәсіби қызметте жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Күнделікті еңбегі мен табандылығының арқасында өңіріміздің және тұтас еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуда», – деді өңір басшысы.
Ол әрбір жетістік пен жүзеге асқан бастама өңірдің дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысының жарлығымен бірқатар азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
Сондай-ақ Сенат депутаты Әсем Рахметова «Құрмет» орденімен марапатталса, конькимен жүгіруден абсолютті әлем чемпионы Кристина Шумекова «Парасат» орденіне ие болды.
Өңір басшысы барлық әйелдерді мерекемен құттықтап, олардың еңбегі мен қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтті.