Жаңалықтар

Алматыда қоқыс алаңынан терісі сыпырылған сегіз иттің өлексесі табылды

Алматыда қоқыс алаңынан терісі сыпырылған сегіз иттің өлексесі табылды

Алматының Алатау ауданында тұрғындар қоқыс алаңынан жануарлардың өлекселерін тапты. Олардың айтуынша, 9 наурыз күні Самғау шағынауданындағы (Көкорай көшесі маңы) қоқыс алаңынан сегіз иттің терісі сыпырылған денелері табылған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оқиға орнына келген тұрғындардың айтуынша, қоқыс алаңында иттердің өлекселерінен бөлек түлкінің бастары, биологиялық қалдықтарға толы қаптар және көп мөлшерде аң терісі болған.

Куәгерлердің сөзінше, жануарлар мүшеленген болуы мүмкін. Сонымен қатар оқиға орнында көлік дөңгелектерінің жаңа іздері байқалған. Тұрғындардың пікірінше, жануарлардың өлекселері бұл жерге көлікпен әкелініп тасталған болуы мүмкін.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері барып, жануарлардың қалдықтарын тәркілеп алған.

Алматы тұрғындары бұл жағдайға байланысты полицияға, прокуратураға, қала әкімдігіне және ветеринария басқармасына ресми өтініш жолдауды жоспарлап отыр. Олар оқиғаны толық тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.

Барлық жаңалық