Жаңалықтар

Бектенов: рұқсат пен мемлекеттік кепілдік болмаса банктер ипотека бермейді

Бектенов: рұқсат пен мемлекеттік кепілдік болмаса банктер ипотека бермейді

Қазақстанда үлестік құрылыс (долевое строительство) саласына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді құрылыс компаниялары тиісті рұқсат пен мемлекеттік кепілдіксіз тұрғындардан ақша тарта алмайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Премьердің айтуынша, жаңа талаптарға сәйкес мұндай нысандарға банктер де ипотекалық несие бермейді.

«Үлестік құрылыс саласындағы талаптар күшейтілді. Тиісті рұқсат пен мемлекеттік кепілдік болмаса, құрылыс компаниялары енді үлескерлердің қаражатын тарта алмайды, ал банктер мұндай нысандарға ипотека бермейді», – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы жаңа ережелерде құрылыс қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылғанын айтты. Атап айтқанда, құжатта сейсмикалық қауіпсіздік талаптары күшейтілген.

Сонымен қатар билік қалалардың детальды жоспарлау жобаларына өзгерістер енгізу мәселесін бақылауды күшейтпек. Бұл заңсыз әрі шамадан тыс тығыз құрылысқа жол бермеу үшін қажет.

Құрылыс саласын жаңарту аясында Қазақстанда құрылыстың бірыңғай цифрлық порталы іске қосылады. Премьер-министрдің айтуынша, бұл жүйе саланың ашықтығын арттырып, әртүрлі ақпараттық жүйелерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіреді.

Сондай-ақ бюрократиялық рәсімдерді азайтып, жобаларды қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне шілде айының соңына дейін құрылыс жобаларын сараптау үшін жасанды интеллект модульдерін пилоттық режимде іске қосуды тапсырды.

Бұдан бөлек, премьер-министр облыс әкімдіктеріне 1 маусымға дейін бас жоспарлар мен детальды жоспарлау құжаттарын қалалық жоспарлау кадастрына цифрлық форматта енгізуді жеделдетуді тапсырды.

Барлық жаңалық