Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ресей басшысының көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді деп жазады ozgeris.info сайты.
Оның айтуынша, әңгіме АҚШ президентінің бастамасымен өткен. Келіссөз барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселелерді талқылаған. Соның ішінде Иран төңірегіндегі жағдай мен Украинадағы қақтығысты реттеу мәселелері қозғалған.
Юрий Ушаковтың сөзінше, екі ел басшысы Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасқан. Владимир Путин Иран төңірегіндегі жағдайды саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігін атап өткен. Сонымен қатар Ресей президенті Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен жүргізген келіссөздерінің нәтижелерімен бөліскен.
Әңгіме барысында Украинадағы қақтығыс мәселесі де талқыланды. Ушаковтың айтуынша, Путин бұл бағытта АҚШ пен Дональд Трамптың делдалдық әрекеттеріне оң баға берген.
«Путин Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесінде АҚШ пен Трамптың жеке арағайындық әрекеттеріне оң баға берді», – деді Ушаков.
Өз кезегінде Дональд Трамп та Путинмен болған әңгімеге оң пікір білдірген.
«Мен президент Путинмен өте жақсы әңгіме өткіздім», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар АҚШ президенті әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт өсуіне байланысты ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды жұмсарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.
Ал Иранға қатысты пікір білдірген Трамп, қақтығыс аяқталуға жақын екенін жеткізді.
«Оларда флот та, байланыс жүйесі де, әскери-әуе күштері де жоқ», – деді ол.
АҚШ президентінің айтуынша, Таяу Шығыстағы оқиғалардың дамуы күткеннен де жылдам жүріп жатыр.