Кеше, 9 наурыз күні Шымкентте «Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастар клубтарының арасында жолдастық кездесу өткен. Ойын кезінде жас футболшылар арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Azattyq Rýhy сілтеп.
Бүгін «Ақтөбе» футбол клубы осы төбелес кезінде екі ойыншысы жараланғанын мәлімдеп, зорлық-зомбылықты айыптаған.
«Ақтөбе» футбол клубы әлеуметтік желілерде таралып жатқан Шымкентте өткен жастар матчындағы қақтығыс туралы төмендегідей хабарлайды: Шымкент қаласында жергілікті «Ордабасы» мен «Ақтөбе» жастар командалары арасында бақылау матчының екінші таймның басында келіспеушілік орын алып, арты жаппай төбелеске ұласты. Өкінішке қарай, жанжал салдарынан «Ақтөбенің» екі жас ойыншысы ауруханаға түсті. Біреуінің жағы сынып, екіншісі ерін (иек) жарақатын алды. Жағы сынған ойыншыға ота жасалады», - деп хабарлаған футбол клубының баспасөз қызметі.
Футбол клубының өкілдері зорлық-зомбылықты қатаң сынай отырып, тиісті органдар аталмыш жағдайды мұқият тергейді дегенге сенім білдірген.
Редакция осы мәселеге қатысты «Ордабасы» клубы мен құзырлы органдарға ресми сауал жолдады.