Лисаковскіде полицейлік патрульден қашқан көлік жүргізушісі жарық бағанасына соғылып, оқиға орнында көз жұмды деп хабарлайды Оzgeris.info. Автокөлікте болған оның туған бауыры ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген еді. Дәрігерлер бастапқыда оның жағдайын өте ауыр деп бағалаған.
Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта пациенттің өміріне төнген қауіп сейіліп, ол реанимациядан бөлімшеге ауыстырылды.
Полиция департаментінің хабарлауынша, «ВАЗ-21093» маркалы көлік жүргізушісі жолда қауіпті маневрлер жасап, жаяу жүргіншілерге жол бермеген. Сондай-ақ автокөліктің мемлекеттік нөмірі болмаған. Патрульдің тоқтау туралы талабын орындамаған жүргізуші қашуға әрекеттенген.
«Жүргізуші қарсы жолаққа шығып, бетон жарық бағанасына соқтығысты. Жол апаты салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, ал жолаушысы ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады полиция.
Оқиға бойынша алдын ала тергеу басталды.