Әлеуметтік желіде «кредитті есептен шығарып береміз» деп уәде тарататындар көбейді. Шынымен де несиелер кешіріліп жатыр ма? Банктер бұған нақты жауап берді, деп жазады Ozgeris.info.
Заңда көрсетілген
Кейінгі уақытта желіде «кредитіңді жойып береміз», «банкпен өзіміз сөйлесеміз» дейтін делдалдар қаптап кетті. Олар өздерін ипотекалық брокер, қаржы маманы деп таныстырады. Қызмет құны – 10-20 мың теңге. Бірақ нәтиже болады деп ешкім кепілдік бермейді. Осындай кезде отандық банктер дабыл қақты. Олар мұндай уәделерге сенбеуді сұрап отыр. Бұл туралы банктер Kursiv.Media сауалына ресми түрде жауап берген.
Бірінші болып ForteBank пікір білдірген. Банк әлеуметтік желіде тарап жүрген «кредиттер жаппай есептен шығарылады» деген ақпараттың шындыққа сай келмейтінін ашық айтты. Олардың түсіндіруінше, берешекті есептен шығару деген нәрсе болса, ол әр қарыз алушы бойынша жеке қаралады. Барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында шешіледі. Егер банк қандай да бір акция немесе арнайы бағдарлама іске қоссa, ол туралы клиентке тек ресми арналар арқылы ғана хабарланады.
Осыған ұқсас ұстанымды Bereke Bank те айтты. Банктің айтуынша, кредит бойынша мерзімі өтіп кеткен берешек бар екен деп, тіпті ұзақ уақыт төлем жасалмаса да, қарыз автоматты түрде жойылып кетпейді. Міндеттеме сақталады. Әр өтініш жеке қаралады. Қарыз алушының қаржылық жағдайы, мүмкіндігі, кредиттің сипаты түгел ескеріледі.
Bereke Bank нақтылап өтті: кредит тек ерекше жағдайларда ғана есептен шығарылады. Ол заңда тікелей көрсетілген негіздер болуы керек. Мысалы, адам банкрот деп танылса. Немесе соттың заңды күшіне енген шешімі болса. Айталық, кредит алаяқтық жолмен рәсімделгені дәлелденсе. Бұдан басқа да заңда қарастырылған жекелеген жағдайлар бар.
Мұндай кезде қайда жүгіну керегі де жағдайға байланысты. Банкроттық рәсім үшін сотқа немесе уәкілетті органға өтініш беріледі. Ал алаяқтыққа қатысты болса, құқық қорғау органдарына арыз жазылады. Делдал емес, ресми жол ғана жұмыс істейді.
Бұл мәселеге Nurbank те нүкте қойды. Банк таратқан хабарламада «кредиттердің есептен шығарылуы туралы ақпарат – жалған» деп нақты жазылған. Сондай-ақ «мәселені шешіп береміз», деп уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырды. Жалған ақпарат таратқаны үшін заң алдында жауапкершілік бар екенін де ескертті.
Осындай мәлімдемелерді басқа банктер де әлеуметтік желілерінде жариялады. Қаржы нарығын реттеуші орган да ешқандай кредит кешіру науқаны жарияланбағанын растады.

Бұл әңгіме қайдан шықты?
Расында «банктер кейбір азаматтардың несиесін есептен шығарып жатыр» деген әңгіме жиі айтыла бастады. Бірақ ресми орган бұл ақпаратты жоққа шығарды. Алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, банктер кредитті жаппай есептен шығару туралы ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Белгілі бір санаттағы азаматтар үшін де арнайы кешіру науқаны жоспарланып отырған жоқ. Яғни, «бәріне бірдей кешіріледі» деген әңгіме – жай сөз.
Реттеуші орган азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Бар мәліметті тек ресми дереккөздерден тексеру керек екенін ескертті. Сонымен қатар «кредитті жойып береміз», «банкпен келісіп береміз» деп уәде ететін делдалдардың көмегіне жүгінбеуге кеңес берді. Агенттік тағы бір маңызды жайтты айтты. Жалған ақпарат тарату заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желідегі әр хабарламаға абай болған жөн.
Қазір Қазақстанда қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жұмыс істеуінің бірыңғай тәртібі бар. Бұл тәртіп қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асады. Барлығы ресми рәсім арқылы шешіледі.
Егер адамда қаржылай қиындық туындаса, мүлде тығырықтан шығатын жол жоқ емес. Қарыз алушы банкке, МҚҰ-ға немесе коллекторлық агенттікке жазбаша өтініш бере алады. Ол өтініште жағдайын нақты түсіндіруі керек. Өтінішке табыстың азайғанын немесе төлемнің кешігу себебін дәлелдейтін құжаттар қоса тіркеледі. Бұл жұмыссыз қалу, жалақысыз демалыс, ауру, қайтыс болу, мүгедектік сияқты жағдайлар болуы мүмкін.
Кредитор мұндай өтінішті 15 күн ішінде қарап, өз шешімін қабылдайды. Кей жағдайда қарыз шартын өзгертуге, төлемді кейінге шегеруге немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік беріледі. Ал егер қарызды өтеуге мүлде мүмкіндік болмаса, заң бойынша жеке тұлғаның банкроттығы рәсімін қолдануға болады. Бұл да нақты талаптары мен тәртібі бар ресми жол.
Айта кету керек, отандастарымыз былтыр бөліп төлеу тәсілімен 2,4 трлн теңгеге тауар алған. Бұл кредитке тәуелділік артқанын көрсетеді. Сондықтан әрбір қарызға, әрбір уәдеге салмақпен қарау бұрынғыдан да маңызды.
Қысқасы, бүгінгі жағдай айқын. Банктер кредитті жаппай кешіріп жатқан жоқ. Ал «шешіп беремін» деген сөзге сену – өзіңізге қосымша мәселе тауып алу деген сөз. Ресми жолдан ауытқымау – ең қауіпсіз таңдау.

Оңай болмайын деп тұр...
Ел экономикасы 2026 жылды жоғары пайыздық мөлшерлемелермен қарсы алды. Бұл теңге мен қаржы нарығын ұстап тұр, бірақ несие алғысы келетіндерге оңай болмайын деп тұр. Бұл қорытынды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Сараптамалық орталығының пайыздық мөлшерлемелерге арналған шолуында айтылған. Қысқасы, ел экономикасында ақша қымбат, ал банктер сақ.
2025 жылдың көп бөлігінде нақты пайыздық мөлшерлеме төмендеп келді. Инфляция үдеп, жыл басындағы 6,65% көрсеткіш төртінші тоқсанның басында 3,6%-ға дейін түсті. Мұның салдары бірден сезілді. Теңгеге қысым күшейді, халық пен нарықта инфляция тағы өседі деген күдік пайда болды.
Күзде жағдай өзгерді. Қазан айында базалық мөлшерлеме 18%-ға дейін көтерілді. Инфляция да жыл соңына қарай баяулады. Соның нәтижесінде нақты мөлшерлеме 5,7% деңгейіне қайта шықты. Бұл теңгедегі жинақ пен активтерді қайтадан тартымды етті. Валюта нарығындағы ахуал да біршама тынышталды.
Ұлттық Банктің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін қатаң ақша-кредит саясатын сақтайтыны туралы сигналы нарыққа сенім берді. Инфляциялық күтулер де біртіндеп орныға бастады. Ақша нарығы бұл саясатқа бейімделіп үлгерді. 2025 жылы базалық мөлшерлеме 2 рет көтерілді. Оған қоса салық кезеңдері өтті, ең төменгі резервтік талаптар қатайтылды. Мұның бәрі нарықтағы ақшаның бағасына әсер етті.
Қазір TONIA мөлшерлемесі шамамен 17% деңгейінде тұр. Бұл көрсеткіш нақты инфляцияны – 12,3%-ды да, нарықтың бір жылдық USDKZT бағамы бойынша күтулерін де толық жабады. Ол күтім 553,6 теңге, яғни өсім 8,1%. Демек, теңгеде ұсталған ақша қайтадан нақты табыс әкеле бастады.
Мөлшерлемелер өсіп жатыр, бірақ банктердің табысы кеңейіп жатқан жоқ. Себебі депозиттер бойынша пайыз кредиттерге қарағанда жылдамырақ өсті. Соның салдарынан банк жүйесіндегі пайыздық айырма қысқарды. Корпоративтік сегментте кредит пен депозит арасындағы айырма 3,8%-дан 3,1%-ға дейін түсті. Жеке тұлғаларда бұл көрсеткіш 5,6%-дан 5,2%-ға дейін азайды. Бұл банктердің маржасы төмендеді деген сөз. Ал маржа азайса, банк тәуекелге бармайды, талапты күшейтеді.
Осының бәрі нақты экономикаға әсер ете бастады. Пассивтер қымбаттады, пайыздық спрэд қысқарды. Банктер тәуекелі жоғары жобалардан қашады. Бизнес те, қарапайым халық та жаңа қарыз алуға асықпайды.
Бұл үрдіс резервтеу талаптарының қатайтылуымен, макропруденциялық шектеулермен және салық режиміндегі өзгерістермен қатар жүріп жатыр. Нәтижесінде ішкі сұраныс пен инвестициялық белсенділіктің баяулау қаупі күшейді.

Ал инвесторлар үшін жағдай керісінше. Жоғары базалық мөлшерлеме борыш нарығын тартымды етті. Қысқа және орта мерзімді құралдар бойынша кірістілік ақша нарығы деңгейіне жақындады. Соның арқасында мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылық артты. 2025 жылдың қорытындысында шетелдік инвесторлардың Қазақстанның МБҚ-на салған қаражаты 82%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеден 2,0 трлн теңгеге жетті. Бұл Қаржы министрлігіне нарықты шайқамай-ақ қаржы тартуға мүмкіндік берді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бағалауынша, 2026 жылы да қымбат ақша кезеңі жалғасуы мүмкін. Жоғары мөлшерлемелер қаржы тұрақтылығын сақтауға көмектеседі, бірақ несиелеу мен экономикалық өсімді тежей береді. Мөлшерлемелердің екінші жартыжылдықта төмендеуі нақты кепілдендірілген емес. Бұл инфляцияның шын мәнінде баяулауына, бюджет саясатына, сыртқы нарықтағы жағдай мен шикізат бағасына тікелей байланысты болады.
Инфляциялық тәуекелдер де сақталып тұр. Олардың ішінде реттелетін тарифтердің өсуі, жанар-жағармай бағасы, бизнестің шығындары және жоғары инфляциялық күтулер бар. Сыртқы нарықта да шикізат бағасының төмендеу қаупі күшейіп келеді.