📰 Сарапшылар пікірі

Kaspi.kz мобильді қосымшасында ерекше мүмкіндік пайда болды

Отандастарымыз көптен күткен жаңа функцияны пайдалана алады. Енді Kaspi.kz қосымшасында төлем жасау кезінде негізгі шотта қаражат жетпей қалса, жетпейтін соманы депозиттен бірден толықтыруға болады, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа мүмкіндік қалай жұмыс істейді?

Бұрын негізгі шоттағы ақша жеткіліксіз болған жағдайда қолданушыларға қолмен депозиттен ақша аудару қажет еді. Мысалы, сіз дүкенде 2500 теңгеге зат сатып алдыңыз делік. QR арқылы төлем жасау кезінде негізгі шотыңызда тек 2000 теңге бар болып шықты. Бұрын бұл жағдайда төлемді тоқтатып, депозитке кіріп, 500 теңгені қолмен аударуға тура келетін.

Енді Kaspi.kz бұл үдерісті жеңілдетті: қосымша жетіспейтін соманы автоматты түрде толықтыруды ұсынады. Бір рет басу арқылы депозиттен ақша қосылып, төлем бірден өтеді.

Депозитте ақша сақтайтындарға тиімді

Бұл функция әсіресе ақшасын депозитте сақтап, негізгі шотта минималды қалдық қалдыруды жөн көретіндер үшін ыңғайлы. Сонымен қатар сарапшылар мұны тиімді қаржылық әдеттермен байланыстырады.

Банкир Ғалым Хусаинов бұл тұрғыда қазақстандықтардың көпшілігі өздерінің қолма-қол ақшадан табыс табу мүмкіндігін жіберіп алып жүргенін атап өтті:

«Қазақстанда халықтың ағымдағы шоттарында шамамен 2,2 трлн теңге сақталады. Бұл шоттардың басым бөлігі карталық. Елде шамамен 10 млн белсенді карточкалық шот бар, әр картаға орта есеппен 220 мың теңге келеді. Сол сомадан адамдар жылына шамамен 15 пайызға дейін жоғалтады. Бұл шамамен 33 мың теңге жылына, немесе 2750 теңге айына, не болмаса күніне 92 теңге деген сөз», дейді Хусаинов.

Сарапшының айтуынша, банктер 2019 жылға дейін карточкалық шоттардағы қалдыққа пайыз төлеген, ал қазіргі жүйеде мұндай мүмкіндік жоқ. Соның салдарынан пайда банктерге түседі, ал клиенттер ақшасының өсуінен қағылады.

 

 

Барлық жаңалық