Соңғы күндері әлеуметтік желіде Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету ақысы өседі деген ақпарат тарап кетті. Тіпті нақты сандар да айтылды. Бірақ компания бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.
Желіде тараған жазбада 2026 жылдың 31 наурызынан бастап Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсетуі 10 000 теңге болады делінген. Картаны қайта шығару да 10 000 теңге көлемінде ақылы қызметке айналады деген ақпарат шықты. Бұдан бөлек, өзге банктердің карталарына аударым үшін 5% комиссия, кемінде 200 теңге ұсталады деген сөз тарады. Ал қолма-қол ақша шешу комиссиясы 5%-ға дейін өседі деген де мәлімет жазылды.
Әңгіме тек жеке карталармен шектелмеді. Kaspi Pay шоттарын ашу және ай сайын қызмет көрсету ақысы 15 000 теңге болады деген ақпарат та жарияланды. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 300 000 теңгеден асатын операцияларға қосымша 5% комиссия енгізіледі деген мәлімет те айтылды.
Осы хабарламалар банктер туралы жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беру жүйесінде өзгеріс болады деген талқылаумен қатар тарады. Көпшілік мұны тарифтердің көтерілуімен байланыстырды.
Алайда компания өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар клиенттер мен серіктестер үшін тарифтер мен қызмет көрсету шарттары өзгеріссіз қалатынын нақты айтты. Желідегі жазбалар жаңартылған заңдық құжатты қате түсіндіруден пайда болған деп түсіндірді.
Компанияның мәлімдеуінше, Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсетуі, картаны қайта шығару құны, Kaspi Pay шарттары және өзге банктерге аударым комиссиясы бойынша ешқандай жаңа тариф енгізілмейді. Егер қандай да бір өзгеріс болатын болса, банк ол туралы алдын ала және ашық түрде хабарлайды.
Kaspi.kz өкілдері тағы бір маңызды жайтты ескертті – тарифтер мен қызмет көрсету ережелеріндегі кез келген өзгеріс тек банктің ресми сайтында және қосымшасында жарияланады. Сондықтан әлеуметтік желідегі әр ақпаратқа сене бермей, ресми дереккөзге жүгінген дұрыс.