✅ Пайдалы

Kaspi Alaqan: қалай әрі қашан қолданамыз?

Қазақстанда төлем жасау тәсілі жаңа деңгейге көтерілді. Kaspi компаниясы Kaspi Alaqan деп аталатын жаңа сервисті таныстырды. Бұл қызмет арқылы дүкен кассасында алақанды арнайы құрылғыға жақындату жеткілікті. Телефон да, карта да, тіпті интернет те қажет болмайды, деп жазады Ozgeris.info.

Қашан қолдана аламыз?

Kaspi Alaqan туралы жаңалықты Kaspi компаниясының негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Almaty Theatre алаңында өткен таныстырылымда жариялады. Презентация кезінде ол жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтіні мен қашан іске қосылатынын түсіндірді. Оның айтуынша Kaspi Alaqan технологиясы 2025 жылдың желтоқсан айында Алматының ірі сауда орталықтарында алғаш қолжетімді болады. Одан кейін бұл мүмкіндік еліміздің басқа қалаларына да таралады.

"Бұл смартфонды қалтадан шығарудан да тез. Бірінші рет қолданып көргенде ерекше әсер аласыз. Бұл жүйенің қауіпсіздік деңгейі Kaspi ID қызметімен бірдей. Қолданушы қажет болса алақанға байланысты деректерді кез келген уақытта өшіре алады. Kaspi Alaqan тек кассаларда ғана емес, банкоматтарда да қолжетімді болады. Сонымен бірге Kaspi серіктестері үшін үш айға комиссиясыз қызмет көрсету ұсынысы қарастырылған. Бұл дүкендерге жаңа технологияны қолдануға қосымша ынталандыру болуы мүмкін", деді.

Ломтадзе Алматы қаласында осы жүйеге арналған 20 мың құрылғы орнатылғанын айтты. Ол жаңа сервисті алғаш болып UFC спортшысы Шавкат Рахмонов қолданып көргенін де атап өтті. Көпшілік үшін бұл қызығушылық тудырған жайт болды. Ол сөйлеген сөзінде әлемдік трендке де тоқталды. Технология Қытайда өте жылдам танымал болып жатқанын атап өтті. Бірақ Қазақстандағы нұсқа бірнеше маңызды жаңашылдықпен толықтырылғанын айтты. 

Қалай қолданамыз?

Бұл технологияның ерекшелігі телефонсыз да, интернетсіз де төлем жасауға жол ашуы. Дүкенге кіргенде тек алақанды құрылғыға жақындатса болғаны, төлем бірден өтеді. Халық арасында осы қызметке қатысты сұрақтар көп болғандықтан, ең маңызды мәліметтерді ретімен түсіндіріп көрелік.

Kaspi Alaqan қалай жұмыс істейтінін көп адам сұрайды. Бұл қызмет адамның алақанындағы тамырдың ерекше суретін анықтайтын биометриялық жүйеге негізделген. Құрылғы алақанды жақындатқанда тамыр құрылымын оқып, Kaspi Gold шотына байланыстырылған төлемді бір сәтте өткізеді. Алақаннан көрінетін тамырлардың орналасуы әр адамда бірдей болмайды, сондықтан жүйе осы айырмашылық арқылы төлем жүргізеді. Телефон болмаса да төлеуге бола ма деген сұрақтың жауабы нақты. Иә, телефон да қажет емес, интернет те керек емес. Смартфонның батареясы отырып қалса немесе оны басқа жерде ұмытып кетсеңіз де, төлем жасай аласыз. Тек кассада тұрған арнайы құрылғыға алақанды жақындату жеткілікті.

Халықтың көбі қауіпсіздік жайын сұрайды. Kaspi.kz бұл жүйенің қауіпсіздігін ерекше атап өтті. Компанияның түсіндіруі бойынша алақанның суреті еш жерде сақталмайды. Алақаннан түсірілген бейне цифрлық кілтке айналады да, сол ғана қолданылады. Сырттан келетін адам суретті не бейнені көрсетіп төлем жасай алмайды. Жүйе тек тірі алақанды таниды.

Тағы бір сұрақ бар, басқа адам өз алақанын сіздің есепшотқа қоса ала ма? Ондай мүмкіндік жоқ. Тіркеу кезінде Kaspi.kz қолданбасы арқылы бетіңіз сканерленіп, жеке сіз екеніңіз расталады. Осыдан кейін ғана алақан қосылады. Алақанды сканерлеу денсаулыққа әсер ете ме деген күдік те болды. Бұл сұраққа жауап қарапайым. Құрылғыда инфрақызыл жарық қолданылады. Бұл жарық қазіргі фитнес білезіктер мен сағаттарда да бар. Ол теріні қыздырмайды, денсаулыққа зиян келтірмейді.

Қызметті қалай қосуға болатыны да қызықтырды. Алақанды қосу жолының екеуі бар. Біріншісі Kaspi банкоматы арқылы іске асады. Банкоматтағы нұсқаулықты орындасаңыз жеткілікті. Екінші жол серіктес дүкендерде орналасқан құрылғылар арқылы жасалады. Онда QR кодты Kaspi.kz қосымшасы арқылы сканерлеп, әрі қарай смартфондағы қадамдарды орындау керек.

Kaspi Maps картасы арқылы осы қызметке қолжетімді банкоматты табуға болады. Қолданбаға кіріп, банкоматтар бөлімінен Kaspi Alaqan сүзгісін таңдасаңыз, картада ең жақын жерде тұрған банкоматтар көрініп тұрады. Қызметті қолдануға болатын жас шектеуі де анық. Kaspi Alaqan тек он алты жастан бастап іске қосылады.

Kaspi Alaqan қызметін қосу тегін. Алақанмен төлем жасағаны үшін комиссия алынбайды. 

Келесі жылы Apple Pay және Google Pay қызметі де  іске қосылмақ

Kaspi.kz компаниясы Қазақстанда Apple Pay мен Google Pay арқылы төлем жасау мүмкіндігі пайда болатынын ресми мәлімдеді. Бұл жаңалықты компания өкілдері көптен бері пайдаланушылар сұрап жүргенін айтып, соның нәтижесінде енгізіліп жатқанын түсіндірді. Әсіресе шетелге сапар кезінде Kaspi QR пайдалану мүмкін болмағандықтан, клиенттер картаға жүгінуге мәжбүр болып жүргенін атап өтті.

Kaspi.kz бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын хабарлады. Компанияның айтуынша, Apple Pay мен Google Pay қызметі келесі жылдың басында қазақстандық клиенттерге қолжетімді болады.

Компания Alaqan.kz стартапын сатып алмағанын да анық айтты. Атауындағы ұқсастық көпшілікті шатастырған. Kaspi.kz бұл туралы нақты жауап берді. 

 

 

Барлық жаңалық