Қоғам

Жер тегін, жерлеу ақылы: Қазақстанда адамды соңғы сапарға шығарып салу қанша тұрады?

Жер тегін, жерлеу ақылы: Қазақстанда адамды соңғы сапарға шығарып салу қанша тұрады?

Жақынынан айырылған отбасы қайғы жамылып қана қоймай, жерлеу рәсіміне байланысты қаржылық мәселелерді де шешуге мәжбүр. Зираттан орын алу, қабір қаздыру, марқұмды тасымалдау, құлпытас орнату, ас беру – мұның бәрі шығынды қажет етеді. Заң бойынша Қазақстанда адамды жерлеуге жер тегін бөлінеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Дегенмен жерлеу қызметінің өзі ақылы.

Зираттан жер алу тегін, қызмет көрсету ақылы

Қазақстанда елді мекеннің қайтыс болған тұрғынына немесе сол елді мекенде қайтыс болған тұрақты тұрағы жоқ адамға жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер учаскесі тегін бөлінеді. Мұнда жерлеуге арналған жер учаскесін алу мен жерлеу рәсіміне қажетті қызметтердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жер тегін бөлінгенімен, қабір қазу, марқұмды тасымалдау, жерлеуге қажетті жабдықты сатып алу, құлпытас пен қоршау орнату шығынын отбасы көтереді. Жерлеу қызметінің құны тапсырыс көлеміне және қызмет көрсетуші ұйым белгілеген бағаға байланысты. Ал марқұмның туыстары анықталмаса немесе жерлеуді ұйымдастыратын жақыны болмаса, бұл міндетті жергілікті атқарушы орган атқарады.

Қазақстанда жерлеу қызметінің бірыңғай бағасы жоқ. Ауылдық жерде ағайын-туыс пен көрші-қолаң жерлеу жұмысына көмектессе, ірі қалада мұндай қызметті арнайы ұйымға тапсыруға тура келеді. Бұған марқұмды басқа өңірге жеткізу қажеттілігі қосылса, отбасының шығыны одан әрі артады. Жерлеу қызметінің бағасын реттеу мәселесі бұған дейін депутаттар тарапынан да көтерілген. Мәселен, 2023 жылы Сенат депутаты Андрей Лукин Астанадағы жерлеу қызметінің құны 150 мың теңгеден асқанын айтып, тарифтердің өз бетінше белгіленуіне назар аударған. Ал 2025 жылы жарияланған нарықтық шолуда Шымкентте жерлеуді ұйымдастырудың ең төменгі құны 90 мың теңге, қымбат қызметтер жиынтығы 500 мың теңгеден басталатыны көрсетілген.

Жерлеу қызметінің басқа кәсіп түрінен бір ерекшелігі бар. Азамат қаралы жағдайда бірнеше ұйымның бағасын салыстырып, тиімді ұсынысты іздеуге әрдайым мүмкіндік таба бермейді. Уақыттың тығыздығы мен психологиялық күйзеліс отбасының қаржылық шешіміне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл салада бағаның ашық көрсетілуі, әр қызметтің құны алдын ала түсіндірілуі және қосымша төлемнің негізді болуы ерекше маңызды.

Мемлекет жерлеуге қанша қаражат береді

Қазақстанда жерлеуге арналған біржолғы төлем республикалық бюджеттен және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат есебінен беріледі. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңгеге тең. Осыған сәйкес жасына байланысты зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы немесе заңда көзделген тиісті мемлекеттік жәрдемақы алған адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 151 375 теңге төленеді. Ұлы Отан соғысының ардагері болған зейнеткер қайтыс болған жағдайда төлем мөлшері 158 295 теңгені құрайды. Ал марқұмның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты есебінен жерлеуге 94 айлық есептік көрсеткішке, яғни 406 550 теңгеге дейін беріледі.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, жерлеуге берілетін төлем марқұмның жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспауға тиіс. Қалған жинақ заңнамада белгіленген тәртіппен мұрагерлерге беріледі. Республикалық бюджеттен төленетін біржолғы жәрдемақыны алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш беруге болады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Дегенмен республикалық бюджеттен берілетін төлем барлық қайтыс болған азаматқа бірдей қарастырылмаған. Ол марқұмның әлеуметтік мәртебесіне байланысты тағайындалады.

Жерлеуден бөлек, ас беру шығыны бар

Қазақ қоғамында адамды жер қойнына тапсырумен байланысты шығын мұнымен аяқталмайды. Марқұмның жетісін, қырқын, жылын өткізу, алыстан келген ағайынды күту, құлпытас орнату сияқты рәсімдер де отбасының қаржылық жағдайына әсер етеді. Әр өңірде қалыптасқан салт пен жөн-жоралғы әртүрлі болғандықтан, оған жұмсалатын қаражат көлемі де бірдей емес. Мәселен, 150 адамға арналған құдайы астың бір кісіге шаққандағы құнын бес мың теңгеден есептесек, отбасы тек дастарқанға 750 мың теңге жұмсайды. Ал әр қонаққа сегіз мың теңгеден есептелсе, шығын 1 миллион 200 мың теңгеге жетеді. Бұл – қонақ санының жалпы шығынға әсерін көрсететін шартты есеп. Бұған жерлеу қызметі, құлпытас және кейінгі еске алу рәсімдері кірмейді.

Мәселенің әлеуметтік қыры да бар. Қаржылық мүмкіндігі әртүрлі отбасыларға қоғам тарапынан қойылатын талап бірдей болуы мүмкін. «Елден қалмайық», «ағайын не дейді?», «марқұмның алдындағы соңғы міндетіміз» деген түсінік кей азаматтың өз мүмкіндігінен тыс шығындануына себеп болады. Ал қарызға алынған қаражатты өтеу міндеті қаралы отбасының мойнында қалады. Мұндай жағдайда дәстүрдің түпкі мақсаты мен қоғамда қалыптасқан бейресми талаптың ара-жігін ажырату маңызды.

Қарызданып ас беру діни міндет емес

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері жаназа мен құдайы ас өткізу кезінде ысырапқа жол бермеу мәселесін көтеріп келеді. Осы мақсатта «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттары әзірленген. Діни басқарманың ұстанымынша, ас берудің түпкі мақсаты – марқұмды еске алу, дұға бағыштау және қайырымдылық жасау. Дастарқанның молдығын бәсекеге айналдыру дәстүрдің шынайы мәніне қайшы келеді.

Діни басқарма қаралы отбасыға салмақ салмай, керісінше, оған қолдау көрсету қажеттігін де айтып келеді. Қазақтың «Қазалы үйде қазан көтерілмесін» деген дәстүрінің астарында да осы түсінік жатыр. Жақынынан айырылған отбасыға ағайын-туыс пен көрші-қолаң ас әзірлеп, тұрмыстық мәселесін шешуге көмектескен. Бүгінде ҚМДБ құдайы асқа арналған қарапайым мәзір ұсынады. Дастарқанға нан, бауырсақ, шелпек, шай, су және бір ыстық тағам қою жеткілікті. Мұндағы мақсат – дәстүрден бас тарту емес, қаралы отбасыға түсетін қаржылық ауыртпалықты азайту.

Зираттағы әлеуметтік теңсіздік

Адамның материалдық жағдайындағы айырмашылық зираттардың сәулеттік келбетінен де байқалады. Бір қабірге қарапайым құлпытас қойылса, енді біріне бағалы тастан үлкен кесене тұрғызылады. Әрине, жақынының есімін мәңгі қалдыру, қабірін күтіп ұстау – отбасының жеке шешімі. Десе де зират аумағын тиімді пайдалану, сәулеттік бірізділікті сақтау және артық шығынға жол бермеу тұрғысынан бұл мәселеге де назар аударыла бастады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған зират мәдениетіне сәйкес, құлпытастың биіктігі бір метрден, ені 50 сантиметрден аспағаны жөн. Құлпытасқа марқұмның аты-жөні, туған және қайтыс болған күні жазылып, оны аса қымбат материалдан жасамау ұсынылады. Бұл – мемлекеттік деңгейдегі міндетті заң талабы емес, діни басқарманың ұсынысы. Мұндай тәсіл қабір басындағы сән-салтанатты азайтуға, зират аумағын ұтымды пайдалануға және отбасының шығынын қысқартуға бағытталған.

Жерлеу қызметінің нарығы қаншалықты ашық

Жерлеу қызметіне сұраныс адамның табысына немесе елдегі экономикалық жағдайға қарамастан туындайды. Азамат басқа тауар мен қызметті сатып алуды кейінге қалдыра алғанымен, жерлеу рәсімін ұзақ уақытқа шегере алмайды. Осы ерекшелік аталған нарықта тұтынушы құқығын қорғаудың маңызын арттырады. Азамат қандай қызметтің міндетті, қайсысының қосымша екенін білуге тиіс. Жерлеуге бөлінетін тегін жер учаскесін ақылы қызметтер жиынтығымен шатастырмау да маңызды.

Жергілікті атқарушы органдардың ресми сайтында зираттан орын алу тәртібі, жерлеу қызметін көрсететін ұйым, олардың бағасы және мемлекеттік көмекке жүгіну жолдары туралы толық ақпарат жарияланса, қаралы отбасыға едәуір жеңіл болар еді. Сондай-ақ жерлеуге қажетті негізгі қызметтің қолжетімді жиынтығын қалыптастырып, оның құнын ашық көрсету мүмкіндігін қарастыруға болады. Мемлекеттік төлемнің тиімділігін бағалағанда да оның айлық есептік көрсеткішке сәйкес өсуін ғана емес, жерлеу қызметінің нақты құнын қаншалықты өтейтінін ескерген жөн. Ол үшін өңірлердегі бағаға тұрақты мониторинг жүргізу қажет.

Түптеп келгенде, адамды соңғы сапарға лайықты шығарып салу отбасының қаржылық мүмкіндігімен өлшенбеуге тиіс. Марқұмға көрсетілген құрметтің өлшемі – құлпытастың бағасы немесе дастарқанның молдығы емес. Қаралы шаңыраққа қолдау көрсетіп, оның қайғысына қаржылық ауыртпалық қоспау да қоғам мәдениетінің бір көрінісі.

Барлық жаңалық