Денсаулық

«Желге ұшқан миллиардтар»: Ядролық сынақ аймағындағы халық МӘМС төлеуге міндетті ме?

МӘМС жүйесі халықтың ашуына әбден тиді. Ай сайын ақша аударып жатқан халық әлі де дәрігерлерге қол жеткізе алмай келеді. Олардың жазуынша, білікті мамандар тапшы, ал қабылдауға жазылу тіпті қиын. Айлап емес, жылдап күтетін жағдайға жеткен. Сонда оның қаржысы қайда жұмсалып жатыр? Одан бөлек, ядролық сынақ аймағында өмір сүретін халық та шағымдана бастады. Олардың құжаттары болса да, жеңілдік қарастырылмаған дейді халық. Ең сорақысы, депутаттар ақшаның тиімсіз жұмсалғанын анықтаған. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты сарапшылардың пікіріне сүйеніп, жан-жақты саралап көрді. 

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты дау күннен-күнге ушығып барады. Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген тексерістер қорда миллиардтаған теңгенің мақсатсыз және заңсыз жұмсалғанын әшкереледі. Депутаттар Бас прокуратураға арнайы сұрау жолдап, халықтың ақшасын қайтару мәселесін көтерді. Ал ел арасында «ауруханаға бармасақ неге жарна төлеуге міндеттіміз?» деген орынды сауал жиілеп, әлеуметтік желілерде «МӘМС жойылсын» деген ұран кең тарауда. Министрлік кез келген тексеруге әзір екенін айтуда. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры «жүйе қайтарымға емес, ортақ жауапкершілікке негізделген» деп ақталуда. Десе де, қоғам сенімі әлсіреп барады. Бұл ретте мәжіліс депутаттары медициналық қызметті пайдаланбаған азаматтарға жарналарды қайтаруды ұсынды. Бұл ұсыныс жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырып, саясаткерлер, заңгерлер, дәрігерлер және қордың өкілдері арасында айтыс-тартысқа ұласты. 

Жүйеге сын айтылуына Жоғарғы аудиторлық палатаның тексерісі негіз болды. Мәжілісмендер Бас прокуратураға сауал жолдап, анықталған заңбұзушылықтарды атап өтті.

«Қаржылық шығындардың көлемі жаға ұстатады. Төрт өңірде заң талаптары өрескел бұзылған. Мысалы, жасанды көрсеткіштер, “өлі жандар”, жұмыс істемейтін мекемелерге төлемдер сынды. Орташа есеппен 30-дан 60 млрд теңгеге дейін қаражат шығын болған», — дейді депутат Бақытжан Базарбек. 

Бұзушылықтар тізімінде «СК-Фармация» ЖШС де аталды. Ал Денсаулық сақтау министрі болса, ведомство кез келген тексеруге дайын екенін жеткізді:

«Қазірге дейін антикоррупциялық қызметтен немесе басқа органдардан бізге ешқандай шақырту түскен жоқ. Егер түссе міндетті түрде барамын, бәріне қатысамын», — деді министр Ақмарал Әлназарова. 

Қоғамдық пікір

Жүргізілген сауалнамалар халықтың басым көпшілігі қаражатты қайтару бастамасын қолдайтынын көрсетті. Телевизиялық дауыс беруде респонденттердің 86%-дан астамы «иә» деген жауап берген. Әлеуметтік желілерде де наразылық күшейіп тұр. Telegram-дағы сауалнамаларда қатысушылардың 90%-ы жарнаны қайтаруды құптаса, Instagram-да «МӘМС жойылсын» деген талап жиілеп барады.

Қор өкілдері қазіргі жүйеде жарнаны қайтару техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін айтады. МӘМС өкілі Зәбира Оразалиева былай деп түсіндірді:

«Қор дегеніміз жеке есепшот емес, жинақтаушы жүйе де емес. Барлық қаражат ортақ қорға жиналады, қазір оны бөліп-бөліп қайтару мүмкін емес. МӘМС жарнасын төлеген әрбір азамат сақтандырылған мәртебеге ие болады және толық көлемде медициналық көмек алуға құқылы», - дейді ол. 

Оның сөзінше, қайтарым жасау үшін қызметтердің біразын қысқарту қажет болады.

«Ақшаның бір бөлігін қайтару үшін белгілі бір қызмет түрлерін алып тастау керек. Бұл жағдайда азамат сол қызметті өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады. Қазір бұған мүмкіндік жоқ».

Астана қаласындағы №5 емхананың директоры әрі қалалық мәслихат депутаты Алтыншаш Табулдина солидарлық қағидатын мысалмен түсіндірді.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат жылына шамамен 50 мың теңге төлейді. Ал егер үш жылдан кейін ауыр дертке шалдықса, оның еміне 2–3 млн теңге кетуі мүмкін. Бұл шығын ортақ қордағы қаражат есебінен жабылады. МӘМС өз қалтаңнан төлеуден әлдеқайда арзан», - дейді маман. 

Ол әлеуметтік әділеттілік жағына да тоқталды. 

«Кейбіреулер "емханаға бармаймын, демек МӘМС маған қажет емес” деп ойлайды. Бірақ сіздің ақшаңыз ауыр науқасқа шалдыққан адамға көмекке жұмсалады. Бұл солидарлықтың басты қағидасы». 

Ашықтық пен бюрократия мәселелері

Заңгер Саида Сүлейменова МӘМС жүйесін ашық емес деген пікір білдірді. Сондай-ақ медициналық көмектің сапасы үшін сынға алды. 

«Егер көмек шынымен сапалы әрі қолжетімді болса, депутаттар да, заңгерлер де үн қатпас еді. Бірақ аймақтарда маман тапшы, науқастар ұзақ кезекте тұруға мәжбүр. Мәселен, бухгалтерия бір адам үшін екі рет жарна аударса, қор ол туралы ескертпейді. Артық ақшаңызды қайтару үшін арнайы өтініш жазуыңыз керек. Ал қарызыңыз болса, МӘМС банк шоттарыңызды бұғаттайды. Бұл әділ ме? Халық үшін өте қиын».

Адвокаттың пікірінше, көпшілік жарнаны алдын ала төлеуге болатынын білмейді. 

«Эндокринологқа бір жылдан соң ғана жеттім»

Ел тұрғыны Лариса өз тәжірибесімен бөлісті:

«Мен сақтандыру жарнасын ай сайын төлеп жүрдім. Бірақ эндокринологқа бару мүмкіндігіне тек бір жылдан соң ғана қол жеткіздім. Бұрын бірден қаралуға болатын. Енді неге 12 ай күтуге мәжбүрміз?», - деп наразылығын білдірді. 

МӘМС өкілі бұл жағдайды былай түсіндірді:

«Тар бейінді маманға жолдаманы терапевт тек көрсетілімдер болғанда ғана береді. Егер емхана тиісті маманмен келісімшарт жасамаған болса, жауапкершілік сол медициналық ұйымға жүктеледі. Мұндай жағдайда ол басқа жеткізушілермен шартқа отыруға міндетті. Егер бұзушылық орын алса, айыппұл салынады. Азаматтар eGov арқылы немесе қордың сайтында жазбаша сұрау не шағым бере алады», - дейді маман. 

Банкроттар мен жұмыссыздар не істемек?

Мысалы, банкроттық рәсіміне дайындалып жатқан тағы бір тұрғын өз сауалын қойды. 

«Мен сақтандырылмағанмын. Банкроттық туралы заң бойынша жарна төлей алмаймын, әйтпесе өтініш бере алмаймын. Бұл жағдайда не істеуім керек?»

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай азаматтар «цифрлық отбасы картасы» арқылы әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда, D және Е санаттарына енгізілуі мүмкін. Онда жарнаны мемлекет төлейді.

«Сақтандырылған мәртебесі автоматты түрде беріледі, ал жарнаны қор жергілікті атқарушы органдарға шот қылып жібереді. Сондай-ақ, азамат жұмыспен қамту орталығына тіркелсе, мемлекет жұмыссыздар үшін жарна төлейді», - деді сарапшылар.

Алматы қаласының тағы бір тұрғыны мемлекеттік мекемелерге көңілі толмайтынын жеткізді. 

«Біздің жекеменшік клиника қызметіне көңіліміз толады. Ал бізді мәжбүрлеп, толып тұрған мемлекеттік емханаға тіркеп жатыр. Неге?», - деп жазды тұрғын.

Мамандардың айтуынша, бұл мәселе инфрақұрылым тапшылығымен байланысты.

«Белгілі бір аумақта жаңа ұйым ашылса, тіркелген азаматтардың бір бөлігі сол жерге бұйрық бойынша ауыстырылады. Дегенмен, азаматтардың таңдау құқығы бар, яғни, олар қайтадан өз қалаған емханасына тіркеле алады», - деп түсіндірді сарапшы. 

Парламентте МӘМС жарналарының бір бөлігін медициналық көмекке жүгінбеген азаматтарға қайтару ұсынысы талқыланып жатыр.

Депутат Асхат Аймағамбетов былай деді:

«Егер адам өз денсаулығына көңіл бөліп, ауырмаса, жарнаның бір бөлігін қайтарып беру керек. Ол қаражатты профилактикаға жұмсай алады. Осылайша салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырамыз».

Әріптесі Нартай Аралбай да ұсынысты қолдайтынын білдірді. 

«Кемінде 25%, тіпті жарнаның жартысын азаматтың жеке шотына аудару керек. Мәселен, егер мен МӘМС-қа 20 000 теңге төлесем, оның 10 000 теңгесін тіс емдеуге немесе пластикалық хирургияға жұмсай аламын», - деп пікір білдірді депутат. 

Тәжірибелі дәрігерлер мен министрлік өкілдері мұндай бастамаларға күмәнмен қарайды.

«Бүгінде 3 миллионнан астам азамат сақтандырылмаған. Мемлекет әлеуметтік осал топтар үшін төлем жасап отыр. Бірақ көптеген адамдар бұл жарнаны міндетті емес деп ойлап, әдейі төлемейді. Қаржы тапшылығы жағдайында жарнаны қайтару - таза популизм. Мамандар мен құрал-жабдық жетіспей тұрғанда, қорды бөлу дұрыс емес. Профилактика жайлы айтуға болады, бірақ пластика мен тіс емдеуге емес», - дейді маман Алтыншаш Табулдина. 

Полигон куәлігі МӘМС-тан босатпайды

Ел тұрғындары тағы бір өзекті мәселені көтерді. Олар өз пікірлерінде ядролық полигон сынақтан өткен аумақта тұратындарын айтып, олар үшін жеңілдіктер қарастырылмағанын жазып жатыр. Тіпті қолдарында құжаттары болса да, олар төлем жасауға мәжбүр. 

Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарға берілетін «полигон куәлігі» арнайы жеңілдіктерді қамтамасыз етеді. Мысалы, компенсация, кезектен тыс және мамандандырылған медициналық қызмет, тегін кешенді тексерулер және т.б. Бірақ ол МӘМС жарнасын төлеуден автоматты түрде босатпайды.

Заң не дейді?

Ядролық сынақтардан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау туралы заңда олардың мәртебесі мен жеңілдіктері белгіленген: куәлік беру, бір реттік төлемдер, ай сайынғы жәрдемақы, кешенді медициналық тексеру және кезектен тыс қызмет алу құқығы. Бұл әлеуметтік қорғау саласы.

МӘМС  бөлек заңмен реттеледі. Бұл заңда мемлекет өзі төлейтін немесе босатылатын азаматтар санаты анық жазылған. Бірақ «полигон куәлігі» автоматты түрде босататын негіз ретінде көрсетілмеген.

Нақтырақ айтар болсақ, полигонға қатысты құқық — әлеуметтік жеңілдік, ал МӘМС — қаржылық сақтандыру моделі.

Әлемдік тәжірибе 

Әртүрлі елдердің тәжірибесін талдасақ, зардап шеккендерді қолдау екі негізгі бағытқа сүйенетіні байқалады. Біріншіден, арнайы бағдарлама, қор, өтемақы сынды арнайы төлемдер мен емдеу бағдарламаларын енгізеді. Екіншіден, ұзақмерзімді медициналық бақылау мен қызметтер, зардап шеккендердің тізілімі, мамандандырылған клиникалар, скрининг пен оңалту бағдарламалары.

Көптеген елдерде мұндай қолдау негізгі денсаулық сақтау жүйесін немесе міндетті медициналық сақтандыруды толықтырады, бірақ оларды алмастырмайды.

АҚШ - Radiation Exposure Compensation Act (RECA) және өзге бағдарламалар

1990 жылы қабылданған және кейін толықтырылған RECA заңы ядролық сынақтар мен уран өндірісінен зардап шеккен кейбір санаттарға өтемақы қарастырады. Бұған сынақ алаңдарының маңындағы тұрғындар, тікелей қатысушылар және уран өнеркәсібі қызметкерлері кіреді. Өтініштерді Әділет департаменті қарайды. Қолдау түрлеріне біржолғы төлемдер, сомасы санатқа байланысты, кей жағдайларда 100 000 долларға дейін жетеді, және арнайы денсаулық сақтау бағдарламалары кіреді.

Украина мен Беларусь (Чернобыль) - реестр, жеңілдіктер, мақсатты төлемдер

1986 жылғы Чернобыль апатынан кейін бұл елдер зардап шеккендерге қатысты кешенді заңдар қабылдады. Атап айтқанда, ресми мәртебе, мемлекеттік реестр, ай сайынғы төлемдер, тегін емдеу, санаторийлік оңалту, тұрғын үй жеңілдіктері.

Ресей (соның ішінде Семей полигонының зардап шеккендері)

РФ заңнамасы радиациядан зардап шеккендерге, оның ішінде Семей полигонында болғандарға әлеуметтік қорғау шараларын қарастырады. Мысалы, ай сайынғы төлемдер, дәрі-дәрмекке жеңілдік, оңалту және тегін медициналық көмек.

Маршалл аралдары - трибунал және халықаралық өтемақылар

АҚШ-пен жасалған келісімдер аясында Nuclear Claims Tribunal құрылып, өтемақылар төленді. Бірақ қор тез сарқылып, көптеген төлемдер толық берілмей қалды.

Жапония - «хибакуша» және атомдық бомбалаудан зардап шеккендерді қолдау туралы заң

Жапонияда атомдық жарылыстардан зардап шеккендерді қолдау бойынша кешенді заңдар қабылданған. Мемлекет арнайы клиникалар, өтемақылар, ұзақмерзімді бақылау мен реабилитацияны қамтамасыз етеді. Бұл жоғары деңгейде институционализацияланған жүйе.

Айта кетейік, Қазақстанда мемлекет төлейтін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мынау тізімдегі 15 санаттағы азаматтарға қарастырылған. Бұл санатқа кімдер кіретінен және оның тәртібін ресми мемлекеттік органның сайтынан білуге болады. 

Барлық жаңалық