Жаз – тұрғын үй сатып алуға және ипотека рәсімдеуге қолайлы маусым. Бұл уақытта құрылыс компаниялары түрлі жеңілдіктер мен акциялар ұсынып, пәтерді таңдау, көру және көшу үдерісін жеңілдетеді. Ауа райының қолайлығы мен нарықтағы белсенділік те осы кезеңде артады. Сарапшы Назгүл Сәрке жаз мезгілінде ипотека рәсімдеудің тиімді тұстары мен түрлі ипотекалық бағдарламалар туралы кеңінен әңгімелеп берді, деп сараптайды Ozgeris.info.
«Жазда құрылыс компаниялары белсенді түрде акциялар ұсынады. Бұл кезеңде пәтерді көру, салыстыру, таңдау процесі де ыңғайлы. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік нарығындағы ұсыныстар саны көбейіп, сатып алушылардың таңдауы артады. Егер азаматтың атында үй болмаса, әрі ипотеканы тиімді шарттармен рәсімдегісі келсе, ең алдымен “Отбасы банк” ұсынатын бағдарламаларға назар аудару қажет», дейді сарапшы.
Назгүл Сәрке “Отбасы банк” бағдарламаларының әртүрлі азаматтық мәртебеге ие адамдарға арналғанын айтады. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға арналған «Концепция» бағдарламасы ерекше назарға ие. Бұл бағдарламада пайыздық үстемақы небәрі 2-5% аралығында. Егер азамат әкімдік арқылы үй кезегінде тұрса, осы бағдарлама арқылы ипотека алу ең тиімді жол. Сонымен бірге табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер арнайы тұрғын үй сертификаттарын ұсынады, ол бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік осал топқа жатпайтын азаматтар үшін «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары ұсынылады. Бұл өнімдер бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме 7-9% аралығында. Ал жұмыс істейтін, атына пәтер тіркелген әйелдерге «Ұмай» ипотекасы қолайлы. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасы 15%-дан басталып, жылдық үстемақысы 14,4%-ды құрайды. «Ұмай» ипотекасы арқылы алғашқы және екінші нарықтан баспана алуға болады.
«Қазіргі екінші деңгейлі банктер де жылдық 25%-ға дейінгі мөлшерлемемен ипотека ұсынуда. Бірақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін төмендетуді жоспарлаған. Алайда банктер бұл өзгеріске дайын болмағандықтан, шекті мөлшерлеме 2025 жылдың қарашасына дейін 25% деңгейінде уақытша сақталып отыр», дейді Назгүл.
Сонымен қатар банктер мен құрылыс компаниялары бірігіп, арнайы серіктестік ипотекалық өнімдер әзірлеген. Бұл бағдарламалар стандартты ипотекалық өнімдерге қарағанда тартымдырақ. Төмендетілген пайыздық мөлшерлеме, бастапқы жарнаның төмендігі, қосымша жеңілдіктер мен бонустар ұсынылады. Мысалы, Altyn Bank, Freedom, Halyk Bank, ЦентрКредит банкі BI Group, BAZIS-A, Sensata сынды ірі құрылыс компанияларымен бірлесіп, нарыққа түрлі ипотекалық бағдарламалар ұсынып отыр. Бұл бағдарламаларда пайыздық мөлшерлеме 0,1%-дан басталып, 25%-ға дейін өзгеріп отырады. Мөлшерлеме несие мерзімі мен бастапқы жарнаға байланысты есептеледі.
«7-20-25» бағдарламасы да тиімді ұсыныс. Алайда оның басты шектеуі – жылдық лимит. Бұл бағдарлама жылына 100 млрд теңгемен шектеледі. Әр тоқсандағы транш – 25 млрд теңге. Осы себепті бағдарлама іске қосылған алғашқы минуттарда-ақ өтінім қабылдау тоқтатылып жатады. Бұл да сатып алушылар үшін үлкен кедергі. Ипотека рәсімдеу кезінде тұрғын үйдің орналасқан жеріне, инфрақұрылымына, құрылыс сапасына, құжаттарының дұрыстығына, күн түсетін жағы мен коммуналдық қызмет тарифтеріне де назар аудару қажет. Қаладан алшақтау орналасқан, бірақ болашақта дамуы күтілетін аудандардан баспана сатып алу да ұзақмерзімді тұрғыда тиімді. 3-4 жылдан соң мұндай аудандар дамиды, сәйкесінше пәтер бағасы да өседі», дейді сарапшы.
Төмен пайыздық мөлшерлемемен ипотека алу үшін сарапшы бірнеше негізгі кеңес ұсынады. Ең алдымен, несие тарихы таза болуы тиіс. Уақтылы төленбеген қарыздар болашақта несие алу мүмкіндігін төмендетеді. Сонымен қатар ресми табысты көрсету – маңызды шарттардың бірі. Бұл банк алдында төлем қабілеттілігіңізді растайды. Салым жинау да маңызды: «Отбасы банкте» 3 жыл көлемінде жүйелі түрде жинақ жасап, қажетті балл жинау арқылы жылдық 3,5–5% жеңілдетілген мөлшерлемемен ипотека алуға болады. Алғашқы жарнаны көбірек құю арқылы да банктен қосымша жеңілдікке қол жеткізуге болады.