Олжас Құспеков: «Биыл жауапты шешімдер жылын өткердік»
2025 жыл Қазақстан үшін саяси және экономикалық реформалар нақты іске аса бастаған кезең болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылы көтерген бастамалары елдің ішкі дамуы мен халықаралық ұстанымына тікелей әсер етті. Заңнамалық жаңғыру, цифрландыру, салық жүйесіндегі өзгерістер қоғам өмірінің негізгі бағыттарын айқындады. Осы өзгерістердің мәні мен алдағы міндеттер жөнінде Мәжіліс депутаты Олжас Құспековпен әңгімелестік, деп жазады Ozgeris.info.
– Жалпы алғанда, 2025 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үшін де, халық үшін де қандай жыл болды?
– 2025 жыл Қазақстан үшін бетбұрысқа толы, мазмұны терең жыл болды. Бұл кезең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары нақты іске асып, елдің ішкі дамуы мен халықаралық беделі қатар күшейген уақыт ретінде есте қалды.Сыртқы саясатта еліміз өз ұстанымын айқындай түсті. Президенттің АҚШ, Қытай, Жапония және өзге де елдермен жоғары деңгейдегі кездесулері, халықаралық саммиттер мен дінаралық диалог алаңдары еліміздің теңгерімді әрі сенімді серіктес екенін көрсетті. Қазақстан әлеммен ашық сөйлесіп, ұлттық мүддені қорғай алатын мемлекет ретінде танылды.
Ішкі саясатта басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған батыл әрі нақты шешімдер қабылданды. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалог күшейіп, қабылданған реформалар елдің ұзақмерзімді даму бағытын айқындады.
2025 жыл заңнамалық жаңаруымен ерекшеленді. Жаңартылған Салық кодексі, жасанды интеллект туралы алғаш қабылданған заң, әкімшілік әділет пен сот жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер – бәрі заманауи, әділетті әрі тиімді мемлекет құруға негіз қалады. Су тапшылығы бар ел үшін жаңа Су кодексі де стратегиялық мәнге ие болды. Енді басты назар суды үнемдеуге және тиімді пайдалануға аударылды.
Қоғам қауіпсіздігі мен әлеуметтік жауапкершілік те назардан тыс қалған жоқ. Мопедтерге қатысты жаңа талаптар жол тәртібін күшейтсе, ал МӘМС төлемеген азаматтарға онкологиялық скринингті тегін өту мүмкіндігі берілуі медицина саласындағы маңызды шешімдердің бірі болды.
Сонымен қатар 2025 жыл мәдени тұрғыда да жарқын өтті. Қазақстанға әлемдік жұлдыздардың келуі мен Димаш Құдайбергеннің халықаралық табыстары елдің ашық әрі заманауи бейнесін айқындады.
Қорытындылай келе, 2025 жыл – нақты істер мен жауапты шешімдер жылы болды. Бұл кезең Қазақстанның жаңа саяси, әлеуметтік және мәдени келбетін қалыптастырып, алдағы дамуына берік негіз қалады деп санаймын.
– Осы жылы Мемлекет басшысы көтерген ең маңызды 3 бастама?
– Біріншісі – жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту. Президенттің Жолдауында Қазақстанды келесі 3 жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Бұл міндеттің аясында мемлекеттік басқарудың барлық саласында жасанды интеллектті енгізу, Digital Kazakhstan бағдарламасын іске асыру және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жоспарланған. Мұндағы мақсат – экономиканың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру және халыққа қызмет көрсетуді жеңілдету.
Екіншісі – салық жүйесін реформалау. 2025 жылы жаңа Салық кодексі қабылданып, ҚҚС 16 %-ға дейін көтерілді, сондай-ақ прогрессивті жеке табыс салығы енгізілді. Бұл реформа салық есептілігінің көлемін шамамен 30% қысқартуға, салық түрлерінің санын шамамен 20% азайтуға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Нәтижесінде экономика тұрақтанып, бюджет кірістері тиімдірек болмақ.
Үшіншісі – азаматтарға автомобильді қолжетімді ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автокредиттің баламасы ретінде лизингті пайдалануды тапсырды. Бұрын лизинг негізінен бизнес үшін ғана қолжетімді болса, енді қарапайым азаматтар да пайдалана алады. Бұл автопаркті жаңартуға және көлікті қолжетімді етуге септігін тигізеді. Мысалы, Костанайдағы жаңа KIA Qazaqstan зауыты жылына 70 000 көлік шығара алады, ал инвестиция көлемі 131,5 млрд теңгені құрады.
Бұл үш бастама елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, жаңа технологияларды енгізуге және экономикалық реформаларды жеделдетуге бағытталған стратегиялық қадамдар деп есептеймін.
– Инфляция, баға, халықтың табысы, салық сияқты мәселелер бойынша қабылданған шешімдер тиімді болды ма?
– Бүгінде елімізде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету әрі әлеуметтік әл-ауқатты қолдау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі саясаттың негізгі мақсаты – бюджет тұрақтылығы мен бизнестің дамуы арасындағы теңгерімді сақтау.
Осы тұрғыда Үкімет жаңа салық-бюджет саясатын кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап бюджеттің кіріс бөлігін 4 трлн теңгеге ұлғайту жоспарланған, бұл қаражаттың едәуір бөлігі отандық бизнесті қолдауға бағытталмақ. Бұл шешім фискалдық тұрақтылықты сақтай отырып, экономикалық өсімді қолдауға мүмкіндік береді.
Микро және шағын бизнесті қолдау мақсатында «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасының іске қосылуы – осы саясаттың маңызды элементі. Бағдарлама ауылдық жерлер мен шағын қалаларда қарапайым, бірақ сұранысқа ие өндірістерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар кепілдендіру құралдарының кеңейтілуі кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттырып, несие алу тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Бұл әсіресе микро және шағын бизнес үшін маңызды шешім.
Алайда, бұл шаралардың инфляцияға, баға деңгейіне және халықтың нақты табысына толық әсерін бағалау үшін уақыт қажет. Бұл бағыттағыжұмыстар әлі де жүріп жатыр.
– Президенттің БҰҰ мінберінен айтқан бастамалары Қазақстанның халықаралық беделіне қалай әсер етті?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мінберінен айтқан бастамалары Қазақстанның халықаралық беделін айтарлықтай арттырды. Ол жаһандық ахуалдың өзгергенін атап, БҰҰ-ны заман талабына сай реформалау қажеттігін нақты жеткізді. Бұл Қазақстанның тек өз мүддесін ғана емес, бүкіл әлем халықтарының ортақ мүддесін қорғауға ұмтылатынын көрсетеді.
Сонымен қатар Президент Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын әділ ету, ядролық қаруды таратпау және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу сияқты бастамаларды көтерді. Мұның бәрі еліміздің халықаралық аренада сенімді, конструктивті және жауапты серіктес ретінде танылуына ықпал етті.
– Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің ішінен сіз өзекті деп танитын мәселе?
– Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелердің ішінен мен үшін ең өзекті деп танитын мәселе бұл –ұлттық тарихи сана-сезімді жаңғырту әрі Қазақстан тарихының академиялық үлгідегі көптомдық жинағын әзірлеу бастамасы. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің шынайы шежіресін зерттеу, тарихи жаңалықтарды толық енгізу және жинақты кез келген оқырманға түсінікті тілде безендіру –ұлтымыздың мәдени кодын сақтау мен мемлекеттілігімізді нығайту үшін аса маңызды.
Сонымен қатар археология институтын жаңғырту, тарихи жәдігерлер қорын жасау және ономастика саласын реттеу мәселелері де тарихи танымды кеңейтуге, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Бұл бастамалар тек ғылым мен білім үшін ғана емес, сонымен бірге халқымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, келешек ұрпаққа ұлттық мұрамызды дұрыс жеткізу тұрғысынан да маңызды.
– Жолдаудан алатын ең негізгі 3 идеямыз?
– Президент жолдауынан ең маңызды үш идеяны атап өтер болсам, бірінші – бұл елімізде кәсіпкерлікті дамыту және экономиканы нығайту. Президент шағын және орта бизнестің ұлттық экономиканың қозғаушы күші екенін айтты. Осыған орай әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидатына көшіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа Салық кодексі аясында салықтық бақылауды толық цифрландыру және есептілік нысандарын 30%-ға қысқарту көзделген. Бұл кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайтып, ашықтық пен болжамдылықты қамтамасыз етеді. Экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайту, әділ бәсекелестік орнату, сондай-ақ агроөндірісті дамыту мен агроэкспортты кеңейту елдің инвестициялық климатын жақсартады. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, агрохабтар мен агрологистика жүйесін жетілдіру арқылы өңірлік кәсіпкерлер, әсіресе Түркістан облысы үшін жаңа нарықтар ашылмақ.
Екінші маңызды идея – қоғамда заң мен тәртіпті нығайту, мәдениетті қалыптастыру. Президент құқық бұзушылыққа төзбеушілікті, қоғамдық орындардағы дөрекілік пен әдепсіз қылықтарды жою қажеттігін атап өткен болатын. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдардың ортақ ұстанымда болуы қажет. Сондықтан әрбір азамат мәдениет пен тәртіпті өзінен, өз отбасынан бастауы керек. Бұл - елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтау үшін маңызды.
Үшінші, менің ойымша, негізгі бастама – саяси жүйені жетілдіру, оның ішінде бір палаталы Парламент құру. Реформаны жүзеге асыруға кемінде бір жыл уақыт бөлу ұсынылды. Бұл – саяси жүйенің тиімділігін арттыруға және мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған маңызды қадам.
– Бір палаталы парламент туралы ұсынысты қалай бағалайсыз?
– Бір палаталы парламент жүйесіне көшу –еліміздің заң шығару процесін жеңілдетуге және тиімділікті арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп санаймын. Бұл өзгеріс заңнаманы қабылдау жылдамдығын арттырып, депутаттардың жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар бір палаталы жүйе бюджетті тиімді жұмсауға, мемлекеттік басқарудағы бюрократиялық кедергілерді азайтуға септігін тигізеді. Менің ойымша, бұл бастама елдің саяси тұрақтылығыннығайтып, халық пен билік арасындағы байланысқа оң әсер етеді.
– Келер жылдан не күтесіз?
– Әне-міне дегенше 2026 жылдың табалдырығын аттағалы отырмыз. Келер жыл еліміз үшін маңызды әрі үміт күттірер кезең болмақ. Қабылданатын жаңа заңдар мен реформалар ел игілігіне қызмет етеді деп сенемін.