Президенттік іс Басқармасының Президенттік орталығында биыл ерекше бір конференция өтті. «AIU 2026: Жасанды интеллект және цифрлық трансформация жастар ғылымын дамыту векторы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық отырысы Қазақстандағы Ғылым күніне орай ұйымдастырылды, деп жазады Ozgeris.info.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткен бұл іс-шара жай конференция емес, болашаққа арналған сұхбат болды. Іс-шараны Президенттік орталық, Astana International University, Бейжің тіл және мәдениет университеті, сондай-ақ Ысқақ Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Қазақстан мен шетелден келген жүзге жуық жас ғалым, тәжірибелі сарапшы және студент бір алаңда жиналды. Педагогика, құқық, жаратылыстану ғылымдары, дизайн осы салалардың барлығына жасанды интеллектіні қалай енгізуге болады деген сауал талқыланды.
Конференция трибунасынан Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат сөз алды. Ол жасанды интеллекттің бүгінгі өміріміздегі орнын кең ауқымда сипаттады:
«Бүгінгі таңда жасанды интеллект адам өмірінің іс жүзінде барлық салаларына өндіріс, сауда, банк секторы, мемлекеттік басқару, ғылым, білім беру, медицина және қаржыға еніп, күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан жасанды интеллектті дамыту жөніндегі жаһандық жарысқа Google, Meta, Baidu, Alibaba секілді жетекші державалар мен трансұлттық компаниялардың қосылуы заңдылық. Жасанды интеллекттің дамуы ғылыми-техникалық прогрестің заңды нәтижесі болып табылатын объективті үдеріс. Алайда мұнда жасанды интеллект ең алдымен адам санасының туындысы екенін, оның барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін бойына сіңіретінін ұмытпауымыз керек. Оны қалай қалыптастырып, қалай бағыттайтынымыз өзімізге байланысты. Бұл үдерісте жетекші рөлді, сөзсіз, ғалымдар атқаруы тиіс. Қазақстан әлемдік үрдістерге сай жасанды интеллект саласын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы әзірленіп бекітілді, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанынан Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды, жоғары оқу орындарында жасанды интеллект мамандарын даярлау бағдарламалары енгізілді. Ал 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды».
Пленарлық отырысқа қатысқан баяндамашылар тізімі өзінше бір география. «QazInnovations» ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Әбілов, Цзянсу мұхит университетінің менеджмент докторы Ся Мэнъяо, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы жүйелерді сүйемелдеу және дамыту департаментінің директоры Қуандық Жайлашев, Ысқақ Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Умут Омурзакова, Сұлтан Идрис атындағы білім беру университетінің стратегиялық департаменті директорының орынбасары Мухаммад Нуразлан Абд Азис, Тәжікстан Республикасы Конституциялық сотының өкілі Фируз Бобоев, Ресей Ғылым академиясының Санкт-Петербург федералдық зерттеу орталығы компьютерлік қауіпсіздік мәселелері зертханасының аға ғылыми қызметкері Василий Десницкий, Staffordshire University компьютерлік ғылымдар және цифрлық инновациялар профессоры Элхадж Бенхелиба, сондай-ақ Astana International University-дің бірінші курс докторанты Рахат Ережепов жеті баяндама, жеті түрлі бағыт, бір ортақ мақсат.
Конференция қорытындысын Astana International University ректоры Анар Мырзағалиева жоғары бағалады:
«Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бүгінгі конференция өз мақсатына толық жетті. Сөз алған баяндамашылар қазіргі заманның басты үрдісі цифрлық трансформация мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін әр қырынан талдап берді. Ұсынылған жеті баяндама да жаңашылдығымен ерекшеленді. Ортаға салынған тың идеялар мен сапалы талқылаулар жиналған қауымның көңілінен шығып, жоғары бағасын алды».
Конференция бір күнмен шектелмейді. Екінші күні 23 сәуірде Astana International University қабырғасында секциялық отырыстар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сыныптары өтеді. Іс-шара қорытындысы бойынша материалдар жинағы да дайындалатын болады.