Кабо-Верде құрамасының қақпашысы Возинья 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін өмірінің күрт өзгергенін айтып, аяқ астынан келген танымалдықтың қиындықтарын бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
40 жастағы қақпашы The Observer басылымына берген сұхбатында әлем чемпионатындағы сәтті өнерден кейін жеке өмірі мен тыныштығының азайғанын айтты.
«Қазір мейрамханаға барсам, үнемі менімен суретке түсуді немесе қолтаңба алуды сұрайтын адам табылады. Кейде адамдар мені рұқсатсыз видеоға түсіре бастайды», – деді Возинья.
Оның айтуынша, жанкүйерлер Кабо-Вердедегі анасының үйіне де күн сайын бара бастаған.
Қақпашы көп адамның танымал болуды армандайтынын, алайда оның жауапкершілігі мен қиын тұстары да бар екенін атап өтті.
«Шынымды айтсам, қазіргі өмірім мен бұрынғы өмірімнің бірін таңдау мүмкіндігі берілсе, бұрынғы өмірімді таңдар едім», – деді ол.
Кабо-Верде құрамасы ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, турнирде сәтті өнер көрсетті. Команда топтық кезеңде Испаниямен 0:0, Уругваймен 2:2 және Сауд Арабиясымен 0:0 есебінде тең ойнады.
1/16 финалда Кабо-Верде Аргентинадан тек қосымша уақытта 2:3 есебімен жеңілді.
Турнирден кейін Возиньяның Instagram желісіндегі жазылушыларының саны күрт артқан. Әлем чемпионатына дейін оның парақшасына шамамен 56 мың адам жазылса, кейін бұл көрсеткіш 28 миллионға жеткен.
Әлем чемпионатынан соң 40 жастағы қақпашы Чилидің «Коло-Коло» клубына ауысты. Бұған дейін ол Португалияның екінші лигасында «Шавеш» сапында ойнаған.
Возинья сонымен қатар әлем чемпионатындағы өнерінен кейін Лев Яшин атындағы жылдың үздік қақпашысы жүлдесіне үміткерлердің қатарына енді.