Қоғам

Павлодарда жол апатынан кейін жансақтау бөлімінде жатқан әйел ауруханаға шағымданды

Павлодарда жол апатынан кейін жансақтау бөлімінде жатқан әйел ауруханаға шағымданды

Павлодарда жол апатынан кейін ауыр халде ауруханаға түскен әйел Бірінші қалалық ауруханасы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жансақтау бөліміне бөгде адамның қалай кіргенін тексеруді сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Әйелдің айтуынша, ол 21 қыркүйекте жол апатынан кейін ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, басына тігіс салынып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Осы кезде оның жалғыз қызы анасын көруді сұрағанымен, оған рұқсат берілмеген.

Алайда әйелдің сөзінше, кейін өзінe қатысы жоқ басқа адам жансақтау бөліміне кірген.

«Қызым – жақын туысым бола тұра, мені көруге кіре алмады. Ал мен үшін мүлде бөтен адам қандай негізде жансақтау бөліміне кірді?», – деп жазды ол.

Әйелдің мәлімдеуінше, аталған адамның жол апатына қатысқан екінші тараппен туыстық байланысы болуы мүмкін. Осыған байланысты ол аурухана басшылығынан бұл адамның кімнің рұқсатымен және қандай негізде жансақтау бөліміне кіргенін анықтауды сұрады.

Сонымен қатар ол өзінің денсаулық жағдайы туралы ақпараттың бөгде адамға айтылған-айтылмағанын және оның пациенттің жанында болуына заңды негіз болған-болмағанын тексеруді талап етті.

«Кім оған кіруге рұқсат берді? Аурухана ережесінің қай тармағына сүйенді? Бұл шешімге кім жауап береді?», – деп сұрақ қойды әйел.

Ол Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана басшылығына қызметтік тексеру жүргізіп, жағдай бойынша жазбаша жауап беруді сұрап отыр.

Барлық жаңалық