Каспий теңізінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты тергеліп жатқан іс аясында ұсталған жоғары лауазымды әскери басшылардың бірі – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы Данияр Хайрушевтің ата-анасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу бөлімшесі осы іс бойынша бес әскери басшыны, оның ішінде Әскери-теңіз күштерінің штаб бастығын Ақтау қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамағаны хабарланған.
Енді қамауда отырған Данияр Хайрушевтің отбасы Мемлекет басшысынан істің жан-жақты және объективті қаралуын сұрап отыр.
Бейнеүндеуді Данияр Хайрушевтің қызы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Ол жазбасында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, мұндай қайғының ауыртпалығын өз отбасы да бұрын бастан өткергенін жеткізген.
Хайрушевтің ата-анасы да қара жамылған отбасыларға көңіл айтып, асығыс қорытынды жасамай, істің барлық мән-жайын мұқият тексеруді сұрады.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз – Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Ең алдымен оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына және туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын жақсы түсінеміз. Өйткені өзіміз де осындай ауыр қасіретті бастан кештік, екі ұлымыздан айырылдық», – деді анасы.
Олар ұлының адами қасиеттері мен әскери қызметтегі жауапкершілігіне де тоқталды. Данияр Хайрушевтің анасының айтуынша, ол бала күнінен адалдық пен жауапкершілікті бірінші орынға қойған.
«Данияр туралы бір ауыз сөз айтқымыз келеді. Ол бала кезден адал, ар-намысты, жауапкершілігі мол азамат болып өсті. Ешқашан пайдакүнемдікке ұмтылған емес, біреудің дүниесіне қол сұққан емес. Оның бұл жағдайға қасақана жол бергеніне сенбейміз», – деді ол.
Бейнеүндеудің соңында Данияр Хайрушевтің ата-анасы Президенттен істің әділ қаралуына назар аударып, тиісті органдардың объективті тергеу жүргізуін қамтамасыз етуді сұрады.