Әлеуметтік желіде марқұм сарбаз Олжас Мұхтарұлының досы оған арнап жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол марқұмды намысшыл, қайсар әрі елге адал қызмет еткен жан ретінде еске алған.
«Темірдей мінезді, ақжарқын, қайсар, намысшыл досым, жаным бауырым. Асқақтаған арманың мен мақсаттарың көп еді. Судан қорқатыныңды біле тұра, неге намысқа беріліп секірдің, досым? Сенің енді арамызда жоқ екеніңе әлі де сенгім келмейді. Неге ерте кеттің, бауырым?», — деп жазды ол.
Досының айтуынша, екеуінің бірге жүзеге асырмақ болған жоспарлары мен айтылмай қалған сөздері көп еді. Ол Олжас үшін жай ғана дос емес, қиындықты бірге көріп, бір нанды бөлісіп жеген жақын бауыры болғанын айтты.
Жазба авторы марқұмның сегіз жыл оқып, оқуын қызыл дипломмен тәмамдағанын және аға лейтенант шенін алғанын да еске алды. Оның сөзінше, Олжас елін сүйіп, міндетін абыроймен атқарған.
«Сенің елге деген жанашырлығың, ұлтыңды арыңнан биік қоятының барлығына үлгі еді. Еліңе адал қызмет еттің, өз міндетіңді абыроймен атқардың, досым. Сен менің мәңгі жүрегімдесің», — деп жазды досы. Ол марқұмның жақсылығын Алла қабыл етіп, жаны жәннатта болсын деп тіледі.