Қазақстанның бірқатар өңірінде жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалды. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетіп, жылуды белгіленген мерзімде қосуды тапсырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бектеновтің айтуынша, ең алдымен балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі керек. Әкімдер нысандардың дайындық паспорттарын рәсімдеу мәселесін жеке бақылауға алуы тиіс.
«Жылыту маусымын уақтылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет», – деді Премьер-министр.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылу беру басталған.
Апта соңына дейін еліміздің орталық, батыс және шығыс өңірлерінде де жылу жүйелерін іске қосу жоспарланып отыр.
Жылыту маусымына дайындық аясында энергия нысандарында 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут қоры жинақталған. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісі жөндеуден өткен.
Жылу желілерінің жалпы дайындығы 99%-ға жетті. Жоспар бойынша 377 шақырым жылу желісінің 374 шақырымы дайын.
Ал Семей қаласындағы дайындық жұмыстары ерекше бақылауға алынды. Онда жоспардың орындалуы 82% деңгейінде. Жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.