Жаңалықтар

Қылмыстық ортада танымал «Дядя Ваня» Шымкентте ұсталды

Қылмыстық ортада танымал «Дядя Ваня» Шымкентте ұсталды

Шымкентте қалалық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және полиция қызметкерлері бірлесіп, қылмыстық ортада «Дядя Ваня» лақап атымен белгілі Иван Геррді ұстады, деп хабарлайды Ozgeris.info.  

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, күдіктінің жасы 70-ке жуық. Ол алғаш рет 1981 жылы сотталған. Кейін тағы бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны айтылады.

Бұл жолы Иван Герр құқық қорғау органдарының назарына қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына келіп түскен ақпараттан кейін іліккен.

Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзінен жасы кіші бірнеше азаматпен бірге Шымкент тұрғынынан қарыз өндіруге әрекет жасаған.

Күдіктілер жәбірленушіні кездесуге шақырып, оған қысым көрсеткені айтылады. Соның нәтижесінде ер адамды 5 миллион теңге қарызы бар екені туралы қолхат жазуға мәжбүрлеп, қолындағы ақшасын алып кеткен деген ақпарат бар.

Оқиғадан кейін жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызданған. Аталған дерек бойынша «Өзінше билік ету» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Кейін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері ҰҚК департаментінің өкілдерімен бірлесіп Иван Геррді және басқа да күдіктілерді ұстаған.

Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр. Тергеу жалғасуда.

Барлық жаңалық