Қазақстанның Қорғаныс министрлігін генерал-майор Айдос Мырзахметов басқарды. Ол 2026 жылғы 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ресми өмірбаянға сәйкес, жаңа министр – әскери қызметке жиырма жылдан астам уақытын арнаған кадрлық офицер, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мырзахметовтің Қорғаныс министрлігіне келуі армиядағы басқару, әскери қызмет қауіпсіздігі, жауынгерлік даярлық және технологиялық жаңғыру мәселелеріне назар күшейген кезеңге тұспа-тұс келді. Бұған дейін Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты Үкімет арнайы комиссия құрған болатын. 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, сол күні Айдос Мырзахметов ведомство басшысы болып тағайындалды. Ресми құжаттарда бұл екі кадрлық шешімнің себеп-салдарлық байланысы көрсетілмеген.
Жаңа министрдің өмірбаянына қарағанда, оның кәсіби жолының басым бөлігі тікелей әскери және қауіпсіздік жүйесімен байланысты.
Айдос Мырзахметов 1981 жылғы 12 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын үздік тәмамдаған. Кейін ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік күзет жүйесінде жедел әрі командалық даярлық бойынша бірқатар курстан өткен.
Ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде офицерлік қызметтің әртүрлі сатыларынан өтіп, командалық және басшылық қызметтер атқарған. 2024 жылғы қаңтарда Қарулы Күштердің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. 2025 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірді. 2022 жылы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған, ал 2026 жылы генерал-майор әскери атағын алды.
Әскерді ішінен білетін басшы
Мырзахметовтің тағайындалуындағы басты ерекшеліктің бірі – оның әскери жүйеде жиырма жылдан астам қызмет етуі.
Ол ведомствоға азаматтық саладан немесе тек әкімшілік-басқарушылық тәжірибемен келген жоқ. Мемлекеттік күзет жүйесінде қызмет етіп, кейін Арнайы операциялар күштеріне басшылық жасады. Бұл құрылымда әскери қызметшілердің практикалық даярлығы, заманауи қару-жарақ пен техниканы пайдалану, ұшқышсыз ұшу аппараттары және арнайы тапсырмаларды орындауға қажетті дағдыларға ерекше көңіл бөлінеді. Мырзахметов Арнайы операциялар күштерін басқарған кезеңде депутаттарға құрылымның даму перспективаларын таныстырып, онда заманауи технологияларды енгізу, қару-жарақ пен техниканы жаңарту және жауынгерлік даярлық мәселелері көтерілген.
Сондықтан бұл тағайындауды практикалық әскери тәжірибесі бар офицердің Қорғаныс министрлігінің басшылығына келуі ретінде қарастыруға болады.
Бірақ өмірбаянның өзі жаңа министр жұмысының нәтижесін анықтамайды. Негізгі мәселе – жинақталған тәжірибенің бүкіл Қарулы Күштерді басқару жүйесіне қалай енгізілетіні.
Алғашқы кеңесте қандай міндеттер қойылды?
Айдос Мырзахметов министр болып тағайындалғаннан кейін Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді.
Кеңесте армияны қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді, әскери қақтығыстар тәжірибесін және әскери технологиялардың жылдам дамуын ескере отырып кешенді жаңарту мәселесі қаралды.
Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, негізгі басымдықтардың қатарында әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыру, басқару жүйесін жетілдіру, жауынгерлік даярлық сапасын көтеру, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту бар.
Сонымен қатар министр әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға, әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайына және әскердегі жарғыға қайшы қарым-қатынастың алдын алуға назар аударуды тапсырды.
Бұл ретте әскери қызмет қауіпсіздігі жеке бағыт ретінде белгіленді.
«Армия есептік көрсеткіштер мен көрсетілімдік іс-шаралар үшін дамымауы керек. Әрбір процесс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді Айдос Мырзахметов.
Бұл мәлімдеме жаңа басшылық жұмысының бірнеше негізгі өлшемін айқындайды: нәтиже, жауынгерлік қабілет және жеке құрамның қауіпсіздігі.
Кәсібилік әскери мансаптың негізгі өлшеміне айналуы керек
Әскердегі кез келген реформа тек техника сатып алумен немесе бөлімдердің құрылымын өзгертумен шектелмейді. Оның негізінде кадр мәселесі жатыр.
Командирдің кәсіби білімі, бөлімшені басқару қабілеті, күрделі жағдайда шешім қабылдауы және сол шешім үшін жауапкершілік алуы әскери құрылымның тиімділігіне тікелей ықпал етеді.
Сондықтан әскери кадрларды іріктеу мен қызметтік өсуде шеннің өзі ғана емес, нақты кәсіби нәтиже маңызды болуы тиіс. Мұндай тәсілдің логикасын шартты түрде үш ұғыммен сипаттауға болады:
Кәсібилік + патриотизм + жауапкершілік = нәтиже
Бұл әсіресе орта және жоғары буындағы командирлерге қатысты. Өйткені бөлімдегі тәртіп, жауынгерлік даярлық, сарбаздардың тұрмыстық жағдайы мен қауіпсіздігі көп жағдайда командалық құрам қабылдайтын шешімдерге тәуелді.
Жаңа министр өткізген алғашқы кеңесте де жеке құрамның даярлығы мен бөлімшелердің үйлесімді әрекет етуіне жоғары талап қойылып, командирлерге бөлімдердің әртүрлі жағдайда әрекет етуге тұрақты дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.
Қазіргі армия тек қару-жарақпен өлшенбейді
Соңғы жылдары әскери технологиялардың сипаты күрт өзгеріп келеді. Ұшқышсыз авиация, радиоэлектрондық күрес, автоматтандырылған басқару жүйелері, барлау, байланыс, кибертехнологиялар мен жасанды интеллект заманауи армиялардың ажырамас бөлігіне айналды.
Қазақстан Қарулы Күштерінде де бұл бағытта бірқатар жоба іске асып жатыр.
2026 жылғы міндеттердің қатарында байланыс, радиоэлектрондық күрес және ұшқышсыз авиациялық кешендерді дамыту, жасанды интеллект пен автономды басқару жүйелерін енгізу және қорғаныс саласының киберқұрамдасын күшейту белгіленген. Қорғаныс министрлігінде жасанды интеллект технологияларын енгізуге жауапты арнайы бөлімше де құрылған.
Әскери бөлімдерде жасанды интеллект элементтері бар бейнеаналитика жүйелері де қолданылуда. Ресми мәлімет бойынша, мұндай технологиялар әскери бөлімдегі жағдайды тәулік бойы бақылауға, ықтимал қауіпті ерте анықтауға және жауапты тұлғаларды жедел хабардар етуге бағытталған.
Ал «SARBAZ+» жобасы әскери қызметшілердің дрондарды пайдалану, цифрлық технологиялар және киберқауіпсіздік бағытындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған.
Айдос Мырзахметов алғашқы кеңесінде әскери даярлық бағдарламалары қазіргі қақтығыстардың тәжірибесіне барынша жақын болуы тиіс екенін атап өтті. Әсіресе ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау мен байланысты қолданудың жаңа тәсілдерін ескеру тапсырылды.
Демек, жаңа министрлік басшылығының алдындағы міндеттердің бірі – Қазақстан армиясының қалыптасқан дәстүрлерін сақтай отырып, әскери даярлықты технологиялық өзгерістерге бейімдеу.
Сарбаз қауіпсіздігі – командир жұмысының көрсеткіші
Әскердің қуаты тек қару мен техниканың санына байланысты емес. Жеке құрамның қауіпсіздігі де оның тұрақтылығын көрсететін негізгі факторлардың бірі.
Әскерге ұлын аттандырған отбасы оның әскери борышын өтеу кезінде мемлекет тарапынан барынша қорғалатынына сенімді болуы керек.
Бұл мәселе бұған дейін де мемлекеттік деңгейде көтерілген. Қорғаныс министрлігінің материалдарында Мемлекет басшысының әскери қызмет қауіпсіздігін негізгі міндеттердің бірі ретінде белгілегені көрсетіледі.
Ал қазіргі кезеңде бұл талаптың маңызы одан әрі артып отыр.
Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу барысында адам өліміне әкелген оқиға бойынша Үкіметтік комиссия жұмыс істеп, қылмыстық істер қозғалған. Тергеу нақты кінә мен жауапкершілік мәселесін заң аясында анықтауы тиіс.
Мұндай жағдайда қауіпсіздік тек жалпы ведомстволық міндет емес, әр деңгейдегі командир қызметінің практикалық көрсеткішіне айналуы маңызды.
Жауынгерлік тапсырманы орындау, оқу-жаттығуды ұйымдастыру немесе күнделікті әскери қызмет барысында тәуекелдерді алдын ала бағалау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және жеке құрамның өмірін қорғау командалық басқарудың ажырамас бөлігі.
Ал төтенше жағдай орын алса, жауапкершілік жүйе ішінде жоғалып кетпей, оның себептері анықталып, нақты қорытынды шығарылуы қажет.
Есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін
Жаңа министр қойған тағы бір міндет – әскери басқарудағы артық бюрократияны қысқарту.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, басқару процестерін одан әрі цифрландыру, практикалық маңызы жоқ артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен кеңестерді азайту көзделіп отыр. Босатылған ресурс әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс.
Материалдық-техникалық қамтамасыз етуге де осындай талап қойылды. Қару-жарақ, техника және басқа ресурстар нақты әскери қажеттілік пен жауынгерлік даярлық басымдықтарына қарай алынуы керек. Министр бюджет қаражатын тиімді пайдалану, негізсіз шығындарды болдырмау және шешімдердің ашықтығын арттыру міндетін қойды.
Осылайша мәселе тек армияға қанша қаражат бөлінетініне емес, сол қаржының қандай нәтиже беретіндігіне келіп тіреледі.
Жаңа министрді қоғам немен бағалайды?
Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрлігіне кадрлық офицер ретінде мол әскери тәжірибемен келді. Бірақ жаңа министрге берілетін баға оның бұрынғы қызмет жолымен емес, алдағы жұмысының нәтижесімен қалыптасады.
Бірінші өлшем – әскердің нақты жауынгерлік даярлығы.
Екіншісі – әскери басқарудың сапасы мен командирлердің жеке жауапкершілігі.
Үшіншісі – мерзімді және келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілердің қауіпсіздігі.
Төртіншісі – Қарулы Күштердің заманауи технологияларға қаншалықты жылдам бейімделетіні.
Бесіншісі – кадрларды іріктеу мен қызметтік өсудің кәсібилікке және нақты нәтижеге негізделуі.
Айдос Мырзахметов қызметіне кіріскен алғашқы күндердің өзінде Қарулы Күштерді кешенді жаңарту, әскери қызмет қауіпсіздігін күшейту және басқаруды нақты нәтижеге бағыттау міндеттерін жариялады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің қызметіне Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізіліп жатқан кешенді тексеруге толық ақпарат беру жөнінде құрылым басшыларына тапсырма берілді.
Сондықтан жаңа кезеңнің басты сұрағы – министрдің кім екені ғана емес, оның басшылығымен армияда қандай нақты өзгерістер болатыны.
Қазақстанға саны көп армиядан гөрі кәсіби даярлығы жоғары, технологиялық өзгерістерге бейімделген, тәртібі мықты және әр әскери қызметшінің қауіпсіздігіне жауап беретін Қарулы Күштер қажет деген талап күн тәртібінде тұр.
Жаңа министрдің алдында осы міндеттерді бір жүйеге біріктіру міндеті бар: жауынгерлік қабілетті күшейту, жаңа технологияларды енгізу, командирлердің жауапкершілігін арттыру және сарбаздың өмірі мен қауіпсіздығын әскери басқарудың негізгі өлшемдерінің біріне айналдыру.
Айдос Мырзахметовтің тағайындалуы Қорғаныс министрлігіндегі жаңа басқару кезеңінің басталғанын білдіреді. Ал бұл кезеңнің нәтижесі мәлімдемелермен емес, әскердің күнделікті қызметіндегі өзгерістермен – даярлық сапасы, тәртіп, қауіпсіздік, технологиялық жаңғыру және басқару тиімділігімен өлшенбек.