Эколог Мэлс Елеусізов Алматыдағы құрылыс қауіпсіздігі мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қажетті құжаттарсыз және қауіпсіздік талаптарын сақтамай салынған нысандар жер сілкінісі кезінде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Алматыда өте қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Егер нысандар қажетті құжаттарсыз және қауіпсіздік талаптарын сақтамай салынса, жер сілкінісі болған жағдайда мыңдаған адамның қаза табуына әкелуі мүмкін. Іс жүзінде бұл техногендік апатқа ұласуы ықтимал. Бұл мәселеге өте байыппен қарау қажет», — деді Мэлс Елеусізов.
Эколог Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын атап өтті. Ол қаланы күшті жер сілкіністері жиі болатын Жапония, Индонезия және Чили секілді елдермен салыстырды.
«Жапония халқы сейсмикалық белсенді аймақта өмір сүреді, бірақ олар ғимараттарды осы қауіп-қатерлерді ескере отырып салады. Алматыда да құрылыс кезінде өңірдің ерекшеліктері міндетті түрде ескерілуі керек. Мұнда тектоникалық плиталардың қозғалысына байланысты үдерістер үнемі жүріп жатады», — деді эколог.
Мэлс Елеусізовтің пікірінше, мегаполистегі құрылыс нысандарына қойылатын талаптарды қатаң сақтау және олардың сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.