Блогер Айтуған Ғалымовтың бұрынғы жары Ильнура Нуранбекова екінші әйел алу туралы әңгіме кезінде күйеуі өзіне қол көтергенін ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол бұл сұмдық жағдайды Taboo бағдарламасына берген сұхбатында айтып берді.
Ильнураның сөзінше, Айтуған екінші әйел алатынын бұған дейін әзілдеп айтып жүргендіктен, ол бұл сөздерді қалжың ретінде қабылдаған. Бірақ бір күні екеуі осы тақырыпта шындап сөйлескенде, Айтуған оның қойған сұрағына бірден ашуланған. Ильнура балаларын алып кететінін айтып, заттарын жинай бастаған кезде араларындағы жанжал ушыға түскен.
«Қатты ұрып, тістерімді түсіріп тастаған. Ол ертеңіне Қытайға кетті, маған ақша жіберді. Мен омыраудағы кішкентай қызымды алып, Ташкентке кеттім. Ұлымды сіңлілеріме қалдырдым», — деді Ильнура сұхбатында.
Оның айтуынша, осы жанжал болған кезде Айтуған кейін екінші жары болған Әсеммен араласып жүрген. Ильнура күйеуінің неге соншалықты ашуланғанын дәл осы жағдаймен байланыстырады. Бұған дейін ол отбасын сақтап қалу үшін күйеуінің екінші әйел алуына келісім бергенін, бірақ бұл шешімнің өзіне өте ауыр тигенін білдірген еді.
Еске сала кетейік, блогер Айтуған Ғалымов кейін екінші рет үйленгенін көпшілік алдында ресми растаған болатын. Ал Ильнура Taboo жобасындағы сұхбатында күйеуінің өзіне телефон арқылы үш рет «талақ» айтқанын, осыдан соң заңды некені бұзу туралы өтінішті сотқа өзі бергенін мәлімдеді.