💰 Экономика

Жаңа инвестициялық цикл: Бүгінде қай секторға инвестиция тарту тиімді?

Қазақстан жаңа кезеңге аяқ басқалы отыр. Еліміз капиталды қалай тартуды көздеп отыр? Көрші елдермен бәсекеге түсуге еліміздің күші жетеді ме? Сарапшылар не дейді, неге бізде әлі күнге дейін инвесторлар түрлі кедергілерден шыға алмай келеді? Неге бюрократияны жоя алмай келеміз? Қазіргі экономикалық ахуалда қай секторларға инвестиция салу тиімді? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Қазір Қзақстан маңызды кезеңнің алдында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке шетелдік капитал тартуға арналған жоспар әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы шикізаттық тәуелділіктен арылып, өңдеуші өнеркәсіп пен жаңа технологияларға басымдық беруді міндеттеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл күн тәртібіндегі жаңа мәселе емес. Қазақстанда экономиканы әртараптандыру туралы талқылау көп жылдан бері айтылып келеді. Сондықтан дәл қазір оны толыққанды қолға алу маңызды екенін сарапшылар ескертіп отыр. Алдағы жылдары инвесторларды сүйемелдейтін тиімді жүйе қалыптаспаса, ел аймақтық көшбасшылықтан айырылып, халықаралық бизнестің сенімін де жоғалтуы мүмкін.

Инвесторлардың үміті 

Ресми түрде бізде жобаларды сүйемелдеу жүйесі бар. Ол «бір терезе» қағидасы деп аталады. Бұл бизнеске әкімшілік кедергілерді жедел шешуге мүмкіндік беретін тетік ретінде ойластырылған еді. Алайда нарық қатысушыларының айтуынша, жүйе тек қағаз жүзінде іске қосылған. 

«Инвестор Қазақстанға келгенде жоғары лауазымды шенеуніктермен кездесіп, саяси қолдау табады. Бірақ жер учаскелері, лицензиялар, инфрақұрылымға қосылу сияқты нақты мәселелерге келгенде ұзаққа созылатын бюрократиялық рәсімдер басталады. “Бір терезе” іс жүзінде жұмыс істемейді», - дейді TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов.

Инвестицияға кім жауапты?

Сарапшылардың пікірінше, негізгі мәселенің бірі - жауапкершіліктің шашыраңқылығы. Кей жағдайда инвесторларды әртүрлі министрліктер немесе әкімдіктер сүйемелдейді. Яғни, бизнес үшін шешім қабылдайтын бірыңғай орталық жоқ.

Қазақстанда бұрын Инвестициялар және даму министрлігі болған. Кейін ол таратылып, «инвестиция» сөзі тіпті негізгі мемлекеттік органдардың атауынан жоғалды. 

«Әрине, бұл инвесторлар үшін дабыл белгісі. Егер мемлекеттің тіпті профильдік министрлігі болмаса, демек бұл тақырып басымдыққа ие емес деген сөз», — деді маман. 

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов мәселені басқаша шешу керек деп санайды. 

«Жаңа министрлік құру міндетті емес. Президентке тікелей бағынатын Инвестициялар агенттігін құру тиімдірек болады. Оның құрамында жобаларды басынан аяғына дейін “қолынан жетектеп” жүретін жеке менеджерлер болуы тиіс. Сонда ұжымдық емес, нақты жеке жауапкершілік қалыптасады», — деп ұсынды ол.

Инвесторлар кездесетін қиындықтар

Зерттеулерге сүйенсек, шетелдік компаниялар көбіне мынандай қиындықтарға тап болады:

1. Заңнаманың тұрақсыздығы. Салық пен ережелер жиі өзгергендіктен, инвестор тұрақтылықты сезінбейді.

2. Әкімшілік кедергілер. Жер, инфрақұрылым, рұқсаттар мен лицензиялар әлі де ұзақ әрі күрделі рәсім болып қала береді.

3. Мүліктік құқықтарды қорғау. Бизнес жоба шарттарының бір-екі жылдан кейін ерікті түрде өзгермейтініне сенімді болуы тиіс.

Асқар Қысықовтың айтуынша, инвестклимат ұсақ-түйектен құралады. 

«Ұзаққа созылған кез келген тексеріс немесе мемлекеттік органмен дауласу инвестордың ел туралы пікірін біртіндеп қалыптастырады», — деп түйіндеді сарапшы.

Инвесторлардың кездесетін қиындықтарына қарамастан, Қазақстанның бірқатар салада айтарлықтай әлеуеті бар. Сарапшылар алдағы 5–10 жылда инвестиция тартуға қозғаушы күш бола алатын бес бағытты атап өтті.

Энергетика. АЭС салудан бастап жаңартылатын энергия көздерін дамытуға дейін.

Көлік және логистика. Қазақстан Қытай, Ресей және Еуропа арасындағы транзиттік көпір рөлін нығайта алады.

Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу. Шикізат экспортынан жоғары қосылған құнды өнімдерге көшу.

IT және цифрландыру. Суперкомпьютерлерді, big data мен жасанды интеллектіні пайдалану.

Туризм. Қазіргі таңда ЖІӨ-де мардымсыз үлеске ие, бірақ миллиардтаған кіріс әкелуге қабілетті сектор.

«Қазір бүкіл әлем жасанды интеллект төңірегінде шу шығаруда. Бірақ мемлекет қай технологияға инвестиция құю керегін бизнес үшін шешпеуі тиіс. Оның міндеті — ойын ережелері мен инфрақұрылымды құру. Әрі қарай бизнес өзі перспективалы салаларды табады», - дейді Айтуар Қошмамбетов.

Аймақтағы бәсекелестік

Қазақстан тартылған инвестициялар көлемі бойынша Орталық Азияда көшбасшы орнын сақтап отыр. Алайда елдің позициясы бұрынғыдай берік емес.

«Өзбекстан мен Қырғызстан белсенді реформалар жүргізіп жатыр. Олар төмен базадан бастайтындықтан, олардың динамикасы жоғары. Біз болса, өзіміздің көшбасшылығымызға арқа сүйеп босаңсып кеттік, бірақ ол мәңгілік емес», — дейді Қысықов.

Оның пікірінше, Қазақстан өз реформаларын жеделдетпесе, дәстүрлі серіктестер үшін де тартымдылығын жоғалту қаупі бар.

Әрекетсіздіктің бағасы

Президенттің тапсырмалары орындалмаса, салдары ауыр болмақ. Қазақстан жеке инвестицияларды мемлекеттік қаржыландырумен алмастыруға тәуекел етеді, бұл бюджетке түсетін салмақтың артуына және Ұлттық қор ресурстарының азаюына алып келеді.

«Біздің ресурстарымыз шексіз емес. Егер экономиканы тек бюджет есебінен қаржыландыратын болсақ, инвесторлардың сенімінен де, бәсекеге қабілеттіліктен де айрыламыз», - дейді Айтуар Қошмамбетов. 

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің басты міндеті тек ниетіміз түзу деп қол қусырып отыра бермей, іс жүзінде жұмыс істейтін механизмдерді кезең-кезеңімен қалыптастыру.

Барлық жаңалық