Ақтаулық асаба Хан желіде тараған интимді видеодан кейін отбасы қандай күйде екенін айтып, өзіне қатысты қауесеттерге жауап берді. Ол жұбайына жасалып жатқан қысымды тоқтатуды сұрады, деп жазады ozgeris.info.
Жұбайы мен анасының жағдайы туралы
Хан тамада ең алдымен желі қолданушыларын әйеліне тиісуді доғаруға шақырды. Оның айтуынша, жұбайы бұл жағдайды ауыр қабылдап отыр.
"Қазір әйеліме өте қиын. Егер жаман сөз жазғыларыңыз келсе, маған жазыңыздар. Мен ер азаматпын, көтеремін. Өтінемін, оған тиіспеңіздер. Мен онсыз да оған көп ауыртпалық түсірдім. Ол ештеңеге кінәлі емес", – деді асаба.
Сондай-ақ ол анасының келініне деген көзқарасы бұл жағдайдан кейін өзгермегенін жеткізді.
8 млн теңге туралы қауесетке жауап берді
Желіде асаба тарапынан 16 жастағы мобилографтың отбасынан 8 млн теңге өтемақы талап етілді деген ақпарат тараған. Алайда Хан тамада мұны жоққа шығарды.
"Мен бір тиын да сұраған жоқпын. Ол жақпен сөйлеспейміз. Барлығын сот шешеді. Әйелімнің абыройы тұрған жерде ешқандай миллион да, миллиард та мәселені шеше алмайды. Осы тақырыпта хайп қуған блогерлер мен тиктокерлерге сенбеңіздер", – деді ол.
Ауылдан шығып, бәріне өзі жеткенін айтты
Асаба өзін сынағандарға жауап беріп, өмір жолын баяндады. Оның сөзінше, ол бала күнінен еңбек етіп өскен.
"Мен көктен түскен жоқпын. "Хан" деген брендті қалыптастыру үшін жылдар бойы еңбек еттім. Ауылда мал бақтым, кірпіш жасадым, көлік жудым, даяшы болдым. Instagram – менің табыс көзім, сол арқылы отбасымды асырап отырмын", – деді ол.
Ақтаудан кетуі мүмкін бе?
Желі қолданушылары асабадан Ақтаудан көшіп кету жоспары бар-жоғын да сұраған. Бұған ол нақты жауап бермей, алдымен істі соңына дейін жеткізетінін меңзеді.
"Бәрі мүмкін. Бірақ алдымен бұл жердегі мәселенің нүктесін қоямыз", – деп жазды ол.
Сонымен қатар асаба той жүргізуге тапсырыстар түсіп жатқанын да айтты. Оның сөзінше, болған жағдай көпшілікке сабақ болуы керек.