Қоғам

ForteBank Home Credit Bank-ті сатып алды

Қазақстандағы қаржы нарығында ірі мәміле жасалды. ForteBank Home Credit Bank (Қазақстан) банкіне толық иелік ететін болды. Яғни, ForteBank чехиялық PPF тобына тиесілі Home Credit Bank-тің 100% акциясын сатып алды. Бұл келісімнің сомасы жария етілген жоқ. Дегенмен мәміле қаржылық секторға салмақты ықпал ететіні анық. Қазіргі таңда тараптар реттеуші органдардың мақұлдауын күтіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

ForteBank мәлімдемесіне сәйкес, Home Credit Bank-тің барлық клиенттік келісімшарттары өз күшінде қалады. Қызмет көрсету бұрынғы шарттармен жалғасады, ал міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады. Яғни, қосылу процесі клиенттер үшін ешқандай алаңдаушылық тудырмауы тиіс.

Мәміле толық аяқталған соң, біріктірілген банк актив көлемі бойынша елдегі төртінші ірі банкке айналады. Бұл – шамамен 5,5 триллион теңге. Осылайша, жаңа қаржы құрылымы «Отбасы банк» көрсеткішінен асып түспек. Бұл жағдай банк секторындағы күштердің қайта бөлінуіне себеп болуы мүмкін.

Home Credit Bank – чехиялық миллиардерлер әулетінің меншігіндегі PPF тобына тиесілі. Forbes дерегінше, топты бақылайтын Рената Келлнерованың байлығы 19,5 миллиард долларды құрайды. Ал ForteBank-тің негізгі акционері белгілі қазақстандық кәсіпкер Болат Өтемұратов (90,9% үлеске ие), оның байлығы 3,7 миллиард долларға бағаланады.

Алайда бұл мәміле тек меншік иелерінің өзгерісі ғана емес. Ол елдегі банк жүйесінің терең құрылымдық мәселелерін де айқын көрсететін құбылыс. Қазақстандық экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, мұндай бірігулер  нарықтағы шоғырлану үрдісінің көрінісі. Оның пікірінше, кейінгі жылдары ірі банктердің рентабельділігі шағын банктермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Себебі негізгі депозиттер яғни, мемлекеттік мекемелер мен халықтың ағымдағы шоттарындағы қаражат  көбіне ірі банктерге шоғырланған. Бұл қаражат банктерге дерлік тегін түсіп, 16,5%-дық нарықтық мөлшерлемемен қайта орналастырылады.

«Шағын банктердің мұндай ресурсқа қолы жетпейді, ал табыссыздық оларды әлсіретіп, сіңіп кету қаупіне итермелейді. 2025 жылдың алғашқы 5 айында ТОП-6 банктің үлесі жалпы активтердің 73,6%-ын, ал таза табыстың 84,8%-ын құраса, қалған банк секторы тек тіршілік үшін күресіп жатыр», дейді Құсайынов.

Оның айтуынша, бұл жағдай бәсекенің азаюына, қаржыландыру мүмкіндігінің шектелуіне және банк секторындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Ең қауіптісі – бұл мәселенің түп-тамыры шешіліп жатқан жоқ.

 «Ағымдағы шоттарға пайыз есептеуге тыйым сол күйі күшінде қалып отыр, шетел валютасындағы депозиттерге шектеу өзгермеді. Оның орнына шағын банктер үшін ауыр болатын резервтік талаптар күшейтілуде. Home Credit Bank-тің нарықтан кетуін ол таза коммерциялық шешім деп санайды. Бұл банк тұтынушылық несиелеуге маманданған монобанк болғандықтан, соңғы жылдары Ұлттық банк тарапынан бұл бағытқа қойылған шектеулер мен тәуекелдер оның табысын тежей бастаған. Home Credit нарықтағы табыс шегіне жеткен шақта активтерін сату арқылы ең ұтымды шешім қабылдап отыр», деді экономист.

 

 

Барлық жаңалық