Жасанды интеллект саласының дамуы бұрын сұранысы төмен саналған мамандықтарға жаңа мүмкіндік ашып жатыр. Әлемдегі ірі технологиялық компаниялар енді философтарды жасанды интеллектінің қауіпсіздігі мен этикасына жауап беретін жоғары лауазымдарға жаппай тарта бастады. Мұндай қызметтердің жылдық жалақысы 400 мың долларға дейін жетеді. Бұл бізше шамамен 184 миллион теңге, деп жазады Ozgeris.info.
Бұрын философия факультетін тәмамдаған түлектер көбіне ғылым, білім беру немесе сараптама саласында еңбек ететін. Ал бүгінде олардың білімі жасанды интеллект жүйелерін басқаруда қажет болып отыр. Себебі қазіргі нейрожелілер тек техникалық құрал емес, адам секілді шешім қабылдауға жақындап келеді. Мәселен, Anthropic компаниясында этика және қауіпсіздік бағытын философия докторы Аманда Аскелл басқарады. Ал Google DeepMind зертханасында моральдық және саяси философия саласының маманы Иасон Габриэл жұмыс істейді. Ол Оксфорд университетінде дәріс берген.
Еңбек нарығын зерттеуші Рэвин Джезутасана ірі компанияларда мұндай мамандар әзірге он шақты адамнан аспайтынын айтады. Бірақ сұраныс жыл сайын артып келеді. Мамандардың айтуынша, мәселе жай академиялық қызығушылықта емес. Кейінгі жылдары жасанды интеллект модельдері күтпеген әрекеттер көрсете бастаған. Кей жүйелер адамның бұйрығынсыз деректерді өшірген, кейбірі жалған ақпарат құрастырған, тіпті өшірілуге «қарсылық білдіруге» ұқсас әрекеттер жасаған жағдайлар тіркелген.
Осы тұста «жасанды интеллект қандай қағиданы ұстануы керек?», «оның шешім қабылдау шекарасы қандай болады?» деген сауалдар туындайды. Инженерлер техникалық жағын дамытқанымен, адам құндылығы мен мораль мәселесін жалғыз өзі шеше алмайды. Сондықтан технологиялық компаниялар философтарға жүгініп отыр. Сюзанна Шелленберг қазіргі философтардың рөлі бұрынғы корпоративтік этика мамандарынан әлдеқайда маңызды екенін айтады.
«Бұрын этика жөніндегі мамандар тек кеңес берумен шектелетін. Қазір философтар жасанды интеллект модельдерінің спецификациясын, негізгі қағидаларын және мінез-құлық саясатын жазады. Яғни, олар жүйенің өзін қалыптастырып жатыр», дейді профессор.
Жалақы айырмасы да айқын байқалады. Философия факультетін жаңа тәмамдаған маманның орташа жалақысы жылына шамамен 52 мың доллар болса, тәжірибе жинағаннан кейін бұл көрсеткіш 80 мың долларға жуықтайды. Ал жасанды интеллект қауіпсіздігі мен этикасы бойынша аға лауазымдарда жалақы 250 мыңнан 400 мың долларға дейін жетеді. Мысалы, Google DeepMind вакансиялары жасанды интеллектінің болашақтағы ықпалын зерттейтін менеджер іздеп жатыр. Ұсынылған еңбекақы көлемі – жылына 212–231 мың доллар. Үміткерден кемінде бес жылдық тәжірибе талап етіледі.
Дегенмен бұл үрдіске күмәнмен қарайтындар да бар. Компьютерлік этика саласының пионерлерінің бірі Дебора Джонсон технологиялық алпауыттар шынайы жауапкершіліктен гөрі, қоғам алдында «жауапты компания» бейнесін көрсетуге көбірек мүдделі болуы мүмкін екенін айтады.
«Этика мамандары бар ма, жоқ па – компаниялар өз жұмысын баяулататын ұсыныстарға құлақ асады деп ойламаймын», дейді ол.
Соған қарамастан, сарапшылар философия мен гуманитарлық білімнің құны технология дәуірінде қайта артып келе жатқанын айтады. Өйткені жасанды интеллект дамыған сайын қоғамға тек код жазатын инженерлер емес, адамның табиғатын, мораль мен жауапкершілікті түсінетін мамандар да қажет бола бастады.